Мектеп қабырғасынан көзіміз газетпен ашылып, соңғы отыз екі жылдай уақыттан бері сол газеттің отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқандықтан да ел ішіндегі «газеттің тойы – халықтың тойы» деген сөздің шынайылығын сезіне түскен кездеріміз аз емес. «Нарын таңының» биылғы 70 жылдық белесті сәтінде де соны бағамдай түстік десек болады.
Оның бір дәлелі – мынау әлеуметтік желілерде тұрақты оқырмандарымыздың, жырақтау жүрген жерлестеріміздің, үлкен-кіші әріптестердің, жалпы барша ауылдастардың ағылған ақ тілектері мен іркіліссіз ізгі ниеттері. Сондай-ақ, ешкім ескертіп айтпай-ақ, өздерінің жоспар-жобаларымен іс-шаралар ұйымдастырып, аудан айнасының ажары мен базарын паш ете түскен ұжымдардың ілтипатты көңілі соның және бір көрінісіндей. Оның бірі – өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық орталық кітапханада болған жүздесу.
Иә, сол күні аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Уақыт үнін жеткізгендер» атты әдеби-визит өтті. Тағылымға толы кешке басылымның ардагерлері мен оқушылар қатысты, редакцияның қазіргі еңбек ұжымы шақырылды. Емін-еркін әңгіме өрбітіп, ортақ ой-пікір білдіруге лайықталып дайындалған орында бүгінгі редакция қызметкерлеріне деген әдемі арнаулар арнайы орналастырыла келушілердің назарын бірден өзіне аударып тұрған бәйтерек, әр жылдардағы газеттер мен мақалалар қиындыларынан, тілші-авторлардың сарғайған суреттерінен сыр шертер көрме мен басылымның өткенін баяндап тұрған бейнетаспадан-ақ ұйымдастырушылардың «Нарын таңына» деген ықалас-ниеті риза етіп тастағанын алдымен айта кетсек артығы жоқ дедік.
Жүздесуді ашқан аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Саябек Шагиров қатысушылардың баршасын газеттің торқалы тойымен құттықтады.
-Аудандық қоғамдық-саяси басылым «Нарын таңының» алғаш жарық көргеніне 18 ақпанда 70 жыл толды. Бұл – үлкен мерекелердің бірі. Қашан да, қайда да баспасөз – өмірдің айнасы, Ахмет Байтұрсынша айтқанда, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Аудан өмірінің, аудандағы барлық саланың жаңалықтары мен жетістіктерін көпке жеткізетін үні, яғни үнжариясы сіздерсіздер. Сондықтан бұл газет біз үшін өз өміршеңдігін ешқашан жоймайды. Осы жиырма бірінші ғасыр интернеттің заманы, ақпараттың қолжетімділігі мол десек те газетте қатталған нәрсе шынайы және сенімді болатынын тәжірибеден көріп келе жатырмыз. Сондықтан да еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, баршаларыңызға да жақсылықтар болсын деймін,-деді ол.
Ол сондай-ақ газет жұмысы уақытпен санаспайтын жұмыс екендігін, оны бұрынғы, бүгінгі қызметкерлер жақсы түсінетінін әрі соған сай қызмет ете білгендерін, соның нәтижесінде аудан шежіресі баспасөзде қатталып келгенін баса айтып, сол бір еңбекке алғыс сезімін де жеткізді. Газет жұмысы қай саламен де байланысып жататындықтан, газеттің тойы да көпке ортақтығын тілге тиек еткен Саябек Жәнібекұлы мұндай жүздесулердің әлі де жалғасарын, мерейтойдың аудандық деңгейде аталып өтілуі жоспарда барлығын да қаперге бере кетті.
Бұдан әрі өткеннің естеліктерімен ерекшеленіп, ой-пікірлердің тоғысуымен түзілген шара кезінде алдымен сөз тізгінін алған басылымның бұрынғы қызметкерлері - Жайнарбек Бержанов басылым тарихын түзу барысында облыстық мұрағаттарда болған кездерінен кейбір жайттарды жеткізсе, Мәди Өтеғалиев өзі бірге қызметтес болған аға буын журналистер жөнінде сөз сабақтады. 1977-1988 жылдары аудан айнасы басылып шығып тұрған аудандық баспаханада қызмет қылған еңбек ардагерлерінен шараға шақырылған Қалуаш Құбанова мен Айжан Сүгіралиева линотип машинасында әріп терудің қиындығы, газетті басып шығарудағы баспахана қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жөнінде тартымды баяндады. Ал басылымның ардагер журналистері Аяпберген Мұханбетов пен Қаділжан Сағынаев, Әбілмажан Шарапиденов редакцияға қызметке қалай келгендері, газет жұмысындағы жауапкершілік, тілшілік қызметтеріндегі кейбір көңілде жатталған жайттар, фототілші қызметінің қайсыбір қырлары жайында жиналғандармен бөлісті. Шарада редакцияның бүгінгі ұжымынан бас редактор Нұрболат Нұғманов, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы Аяпберген Салихов және осы жолдардың авторы сөз алып, толғақты мәселелерге тоқталды, жас оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарды.
Кітапханашы Эльза Асқарқызы жүргізіп, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары Әділбек Жұмашев пен Аманбек Тарихов әсем әнмен әрлеген шарада аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин де жиналғандарды газеттің мерейтойымен құттықтады, ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынар Махсутова тамаша әсер сыйлаған тағылымды кешке шақыруды қош ала келгендердің баршасына ұйымдастырушылар атынан зор алғыс сезімін білдірді. Қонақтарға ескерткіш сыйлықтар да табысталған әдеби-визиттің әсері мол болды.