Бүгін аудан әкімі Полымбет Хасанов аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Құмаров Наурызбек Ғабиденұлын аудан активіне таныстырды.
Жаңа орынбасар жер қатынастары, сәулет және құрылыс, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларына жауапты.
Құмаров Наурызбек Ғабиденұлы 1992 жылдың 27 наурызда Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2013 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «жерге орналастыру қызмет көрсету саласындағы» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Алғаш еңбек жолын 2013 жылы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау филиалының Исатай аудандық бөлімшесінде техник болып бастаған. 2014-2016 жылдары «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау филиалының Исатай аудандық бөлімшесінде инженер-жерге орналастырушы, 2016-2017 жылдары Исатай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман, 2017 жылдың наурыз-қыркүйек айларында Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасында сәулет бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары Атырау облысы Жер қатынастары басқармасының жерге орналастыру, жерді есепке алу және жер қатынастарын реттеуді үйлестіру бөлімінің басшысы, 2018 жылдан күні бүгінге дейін Атырау қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келді. Отбасылы.
Аудан басшысы Полымбет Хасанов тағайындау туралы өкімімен таныстырып, Наурызбек Ғабиденұлының жаңа қызметті абыройлы атқаратынына сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
- Маған артқан сенімдеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мен өз кезегімде қызметіме адалдық танытып, ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін барлық күш-жігерімді саламын, - деді Наурызбек Ғабиденұлы өз сөзінде.
Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жансих Маштахов, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әліби Хайдаров жаңадан тағайындалып жатқан аудан әкімі орынбасарының алдағы атқарар қызметіне табыс тіледі.
Әділбек СЫРЫМОВ