«Апат айтып келмейді» дегендей көктемгі су тасқынының алдын алу және одан қорғану мақсатында дайындық жұмыстары басталып кетті. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғаріпжан Құрманов ауылдық округтерді аралап, бұрын су шайып кеткен бөгеттердің осал тұстарын анықтады.
Алдымен Қамысқала ауылына ат басын бұрды. Ауыл әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы, мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері тасқын су келген жағдайда қауіп төнуі мүмкін жерлерді көрсетіп, өз болжамдарымен бөлісті.
Келесі кезекте Тұщықұдық ауылына аялдады. Мұнда ауыл әкімі Айбатыр Бекішұлы бастаған қоғам белсенділері мен мәслихат депутаттары су тасқыны қаупі жоғары аумақтарды аралап шықты. Олар Бақсай өзегіне жақын орналасқан тұрғын үйлердің тасқын су астында қалу қаупі бар екенін ашып айтты. Бұл аумақта арнайы техниканың жұмыс істеуі қиын болғандықтан, бөгеттер тек адам күшімен тұрғызылғанын жеткізді.
Содан кейін топ аудан орталығы – Аққыстау ауылындағы Бақсай және Нарын каналдарын аралады. Су айдындарының үстіндегі мұз әлі ерімегенімен, бұл жерлерде де бірқатар кемшіліктер анықталды. Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев және қоғам белсенділері каналдардың әлсіз тұстарын көрсетіп, өз ұсыныстарын айтты.
Аудан әкімінің орынбасары топырақ үйінділерін нығайту, қажетті жерлерге құбырларды ауыстыру және басқа да сақтық шараларын жүзеге асыру бойынша ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Сағыныш ҚАЙЫР
сурет автордікі