Исатай ауданында белгілі қаламгердің жаңа кітабы таныстырылды

 

Аудандық орталық кітапханада Исатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, ардагер мұнайшы, жергілікті өлкетанушы Мұрат Бектенұлының кезекті жаңа туындысы "Қасиет қонған өлке" кітабы таныстырылды.

"Үлкендер жолы - ұлылық, ұрпақтар жүрер ұғынып" тақырыбында өткен кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Оған кітапсүйер оқырмандар қатысты. Кеште жергілікті өлкетанушы, тарихшы Мүтиғолла Насиханоа:
- Қасиетті Нарын өңіріне қазақ халқының қоныстана бастағанына екі жүз жылдан асқаны тарихымыздан белгілі. Сол өткен тарихымыз бізге ауыздан-ауызға Қ.Сапаров, Сақтай Бекқалиев тағы басқа аға буын өкілдері арқылы жеткен болатын. Ал, Мұрақаңның бір артықшылығы сол, атақонысы туған жердің өткен-кеткен өмірін ерінбей жинақтап, кітап етіп құрастырып, оны оқырманына тарту етіп отыр. Бұдан бұрында ағамыз өлкенің қасиетті адамдары, батырлары, ақын-жазушылары, мұнайшылары, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлестері туралы бірнеше кітаптар жазып, рухани дүниемізге біраз олжа салған еді. Енді міне, тағы да бүгін жаңа кітабының таныстырылымына куә болып отырмыз. Бұл кітаптың болашақ ұрпақ үшін пайдасы зор болмақ. Мұреке, шығармашылықтың шыңына шыға беріңіз, қаламыңыз мұқалмасын!,- деді. Қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлбану Кабулова және аудандық «Нарын таңы» газеті Бас редакторының орынбасары Аяпберген Салихов сөз алып, жазушының шығармашылығына табыс тіледі. Кітап авторына аудан әкімінің, аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің құттықтау хаттары табысталып, ескерткіш сыйлық тарту етілді.


Кітаптың тұсауын аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин кесті.
-Жаңа кітабыңыздың оқырманға жол тартуымен құттықтаймын. Қатардағы мұнайшыдан кешегі мен бүгінгіні таразылай білетін, шежірені төгілте айтатын зерек тұлғалардың біріне айналдыңыз. Алдағы уақытта да осылай жаңа туындыларыңызбен оқырмандарыңызды қуанта беріңіз,-деді аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521