Исатай ауданында көктемгі тал егу жұмыстары басталды

Бүгін Исатай ауданында «Мекенім – жасыл орманым» атты тал егу акциясы ұйымдастырылды.

Ауыл келбетінің көркеюін көздейтін бастамаға аудан басшысы Полымбет Хасанов та қолдау білдіріп, көктемгі тал егу акциясына белсенді қатысты. Одан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Наурызбек Құмаров, дербес бөлім қызметкерлері және ерікті жастар да өздерінің лайықты үлесін қосты. Тал егу жұмыстары «Атырау-Астрахан» тас жолының жиегінде орналасқан Санитарлық-қорғау саябағында жүргізілді. Аққыстау ауылдық округінің бас маманы Ералы Сыралиевтің айтуынша, осы жылға аудан орталығында барлығы 2150 тал егу жоспарланған.

d

- Соның алғашқы 200-і аудан орталығына егілді. Санитарлық-қорғау саябағы аумағынан бөлек, әрбір мекеме қызметкерлері өз мекеме аумақтарында тал егу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар көктем және күз айларында жалғасын таба береді, - дейді бас маман.

6

Естеріңізде болса, біз өткен жылдың қазан айында Тәуелсіздік құрдастарының Қаратүбек ықшам ауданындағы канал маңынан арнайы саябақ үшін өздеріне жер телімін алып, тал отырғызу жұмыстарын бастағанын жазған болатынбыз. Сол жұмыстар биыл да жалғасын тауып, Тәуелсіздік құрдастары өздеріне бөлінген жер теліміне тағы да бірнеше түп тал отырғызды. Олар шұңқырларын қаздырып, құнарлы топырақ тасымалдап, дайындық жұмыстарын қызу жүргізген және тал отырғызудан бөлек, саябақтың болашақтағы күтімін де мойындарына алып отыр.

5

Айта кетейік, тал егу акциясы барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты. Мәселен, Зинеден және Исатай ауылдарында 40 түп талдан отырғызылса, Х.Ерғалиев ауылында 64 түп тал, Нарында 30 түп тал, Тұщықұдық және Жанбай ауылдарында 50 түп талдан отырғызылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде. 

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521