Исатай ауданында Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтті

Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік салтанатты жиын өтті.

Шараны аудан әкімі П.Хасанов құттықтау сөз сөйлеп ашты.

- Конституция – тұрақтылық пен өркендеудің сенімді іргетасы, әрбір қазақстандықтың құқығы мен еркіндігінің кепілі. Ата заңымыз халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, әрбір қазақстандықтың қолайлы өмір сүруіне жол бастайды. Басты құжатымыз қолданысқа енгізілген сәттен бастап еліміз тұрақты даму жолына түсіп, әлем елдері арасында жоғары беделге ие болды. Тұрақтылық пен берік бірлігіміздің нәтижесінде Қазақстан халқы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырды. Отанымыздың табысты және серпінді дамуына исатайлықтар да өз үлестерін қосып келеді. Ауданымыздың әлеуметтік - экономикалық даму көрсеткіші жылдан-жылға жоғарылап, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да Ата Заңымыз белгілеп берген заңнамаларға сәйкес жүргізілуде, — деген аудан басшысы ел дамуы жолында елеулі еңбек атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарын табыстады.

Одан соң сөз алған аудандық мәслихат хатшысының уақытша міндетін атқарушы Н.Мусин мінберге көтеріліп, ізгі тілегін арнап, бір топ әр сала мамандарына облыстық және аудандық мәслихаттардың құттықтау хаттарын ұсынды.

Санитарлық талаптарға сай өткен салтанатты жиын «Жалын» мәдениет үйі ұйымдастырған сазды бағдарламамен әрлене түсті.

Мерекелік кеште арнайы Алматы қаласынан келген жас әнші Дильназ Мұсажанованың өнер көрсеткенін, сондай-ақ ауыл өнерпаздарының да ел, туған жер тақырыбындағы әсем әндері кеш көркін қыздырғанын айта кеткен жөн.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT