Исатай ауданында криминогендік жағдай бірқалыпты

Бүгін аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Исатай аудандық полиция бөлімінің (АПБ) 2021 жылдың 12 айында атқарған жедел-қызметтік жұмыстарының есебі тыңдалды.

Оған аудан әкімі Полымбет Хасанов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев, округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, АПБ жеке құрамы, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бейбітжан Айжарықов есеп беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

img_4356

- Аудан аумағында криминогендік жағдай бірқалыпты. «Құқықтық тәртіп», «Мал ұрысы», «Қару», «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Контрафакт», «Учаске» секілді жедел профилактикалық жұмыстары кезінде 47 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың қорытындысымен бірдей. Бұрын сотталғандармен жасалған қылмыс 28,6 пайызға төмендеп, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс тіркелмеген. Ал, көшеде, қоғамдық орындарда және мас күйінде жасалған қылмыстар артып отыр. Есесіне, отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстар тіркелген жоқ. Бұдан бөлек, 2021 жылы тіркелген аса ауыр және ауыр қылмыстар саны 2020 жылдың көрсеткішімен тең дәрежеде. Сонымен қатар ауырлығы орта дәрежелі қылмыстар 2020 жылмен салыстырғанда 6 қылмысқа, ауырлығы онша ауыр емес дәрежедегі қылмыстар 2 қылмысқа, бөтен мүлік ұрлығы 10, пәтер ұрлығы 2, мал ұрлығы 2 оқиғаға кемісе, алаяқтық қылмысының көрсеткіші өткен жылмен тең дәрежеде болып отыр, - деді Бейбітжан Айжарықов.

Сондай-ақ бөлім бастығының орынбасары басқа салалардағы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Мәселен, аудан көлемінде 2021 жылы 9 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 7 адам әртүрлі дене жарақаттарымен дәрігерлік көмекке жүгінген. Өткен жылы жол жүру ережесін бұзған 1189 жағдай тіркелген. Бұл 2020 жылдың көрсеткішімен алғанда 2 есеге жуық төмендеген.

Бейбітжан Айжарықовтың айтуынша, Мемлекет басшысының ұсақ құқық бүзушылықтарды анықтау, яғни мүлдем төзбеушілік бойынша берілген тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмыстар да жандандырылған. Өткен жылы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде барлығы 586 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

73f50f93-a619-409f-a7d5-8e6b557694cc

Полиция майоры аудандағы учаскелік полиция инспекторларының жұмысына да тоқталды. Баяндамадан білгенімізде, Исатай АПБ-нің ЖПҚб-де қазіргі уақытта 8 учаскелік полиция инспекторы мен 2 учаскелік полиция инспекторының көмекшілері жұмыс жасауда. Тұрғындарға әкімшілік учаскедегі құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы хабарлау, жұмыс нәтижелерін баяндау бағытында учаскелік полиция инспекторлары тоқсан сайын тұрғындармен кездесулер өткізіп тұрады.

Есептік баяндамада аудандық полиция бөлімінің профилактикалық және тізімдік есебінде барлығы 88 адам тұрғаны да айтылды.  Полиция майоры деструктивтік діни ағымды ұстанушыларға қатысты да ақпараттармен бөлісті.

Өткен жылдың қорытындысында жеке басын анықтайтын құжатсыз жүрген 5 азамат анықталып, Атырау облысы ПД қабылдау тарату орталығына жолданған. 2021 жылдың 1 сәуір - 31 мамыр аралығында және 10 қыркүйек - 31 қазан аралығында «Бекіре – 2020», 15 сәуір – 15 мамыр аралығында «Киік», 20 қазан – 19 қараша аралығында қолған алынған «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шаралары негізінде аудандық ПБ-не 17 қылмыстық іс тіркеліп,. 14 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Нәтижесінде, барлығы 1184,9  келі балық, оның ішінде 543,1 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленіп алынған.

Хабарлама қорытындысында Бейбітжан Айжарықов: - Аудандық полиция бөліміне жүк­телген міндеттерді жүзеге асыру барысында халықпен бізге берілетін баға біз үшін қашан да маңызды екенін ескеріп, полицияның оң имиджін қалыптастыруда барлық күш-жігерімізді салып, аянбай қызмет атқарамыз, - деді.

0f7ad41f-8fcf-43bb-8117-512c4fcfb311

Жиында тұрғындар тарапынан да ұсыныс-пікірлерлер айтылып, баяндамашының тарапынан тиісті жауаптар берілді. Мәселен, ардагер Боранбай Халидуллин әр аптаның жұма күндері аудан орталығында өтетін жәрмеңке кезінде алаң маңында көлік кептелістерінің алдын алудың бір жолын мамандар қарастырса деген ұсынысын ортаға салса, аудандық қоғамдық келісім төрағасы Ерболат Насимуллин тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу мақсатын да жұмыстар күшейсе деген ұсынысын жеткізді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT