Бүгін Исатай аудандық ауруханасының перзентхана бөлімшесінде Ұлттық домбыра күні болып жарияланған шілденің алғашқы жексенбісінде ұл бала дүниеге келді.
Осыған орай, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» мекемесі және Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жас ана мен өмірге келген сәбиге перзентхана бөлімшесінде қазақтың Ұлттық домбырасы сыйға тартылды.
Ана мен баланы арнайы құттықтай барған Исатай аудандық «Қоғамдың келісім» коммуналдық мекемесінің төрағасы Е.Насимуллин, Исатай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Н.Хамзақызы және аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы В.Мұхитова осындай ерекше күні дүниеге келген перзенттің бауы берік болып, ел азаматы болып ержетуіне тілеулестіктерін жеткізді.
Аққыстау ауылының тұрғыны Жазира есімді жас ана сәбиін Ұлттық домбыра күні саналған шілденің алқашқы жексенбісінде өмірге әкелгеніне қуанышты екенін айтады.
«Исатай аудандық ауруханасының перзентхана бөлімшесінде Ұлттық домбыра күніне қараған түні сағат 01:15-те дүниеге ұл бала әкелдім. Аурухана дәрігерлеріне алғысым шексіз. Өйткені, күндізден бері қасымда дәрігерлер көмектерін аямай, жанымда қамқорлықтарын көрсетіп жүр. Ойламаған жерден қазақтың Ұлттық домбыра күні болып есептелген шілденің ай алғашқы жексенбісіне тап болып тұрмыз және бұған қуаныштымыз. Мерекенің құрметіне орай қазақтың Ұлттық домбырасын табыстап жатқандарыңызға алғысым шексіз. Ұлттық аспабымызды әрқашан дәріптеуге дайынбыз», дейді жас ана Жазира Идрисова.
Әділбек СЫРЫМОВ