Исатай ауданының әкімі аққыстаулықтармен кездесті

Ауданда эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақтала қойған жоқ.    

Дегенмен жоспарланған жұмысты жалғастыру, халықтың ұсыныс-пікірін тыңдау күн тәртібінен түспейді. Осыған сәйкес аудан әкімі Полымбет Хасанов арнайы жасалған кесте бойынша 9-19 тамыз күндері аралығында Аққыстау ауылы тұрғындарымен кездесті. Негізгі мақсат – ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдау.  

bc90e242-ef58-4349-a652-a7ceaa587ddf

- Биыл біз үшін де, әлем елдері үшін де оңай болып жатқан жоқ. «COVID-19» инфекциясынан сақтану үшін көптеген қауіпсіздік шараларын қолға алу жалғасуда. Адамдардың топтасып жиналуына тыйым салынды. Каратиндік талаптарды сақтау үшін жұмыс барысындағы көптеген жиындарды селекторлық режимде өткізуге мәжбүрміз. Мұндай жиындарда мәселелердің бірі айтылып, бірі айтылмай қалуы мүмкін. Сондықтан да арнайы кездесу кестесін бекітіп, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, өздеріңізбен ашық алаңда жүзбе-жүз кездесіп, пікірлесуді жөн санадым, - деген Полымбет Хасанов аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

10 күнге созылған кездесуде тұрғындардың басым көпшілігі ауылішілік жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңын салу, Атырау-Астрахан республикалық тас жолы бойына шаң-тозаңды басу мақсатында үздіксіз су шашу, көше шамдарының толықтай жануы, тоқ желілерін жүргізу, ауыл ішінде автокөліктердің қатты жылдамдықпен қозғалатындығы секілді мәселелерді алға тартып, ұсыныстарын білдірді.

48bd984d-70c7-47ab-950d-c13740e9775e

Аудан басшысының айтуынша жасалатын жұмыстардың ішінде ең ауқымдысы әрі қомақты қаражатты қажет ететіні де осы – жол мәселесі.

- Бүгінгі күні аудан орталығында 16,2 шақырым ауылішілік жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр және аяқталу мерзімі 2 жыл уақытты (2021-2022) құрайды. Бірақ бұл ауыл ішін толық қамтымайды. Тағы да 10,5 шақырым автокөлік және 5 шақырым жаяужүргіншілер жолы жөндеуді қажет етеді. Осы мәселені шешу мақсатында тиісті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізіліп, нәтижесінде «Шыңдау»-ЖШС жеңімпаз ретінде танылды. Қазіргі таңда мердігер мекеме жобалық-сметалық құжаттаманы жасақтауға кірісті. Бұл жұмыстар 4-ші кезеңде жүзеге асырылады, - деді аудан әкімі.

Тұрғындар көтерген су шашу мәселесіне қатысты жауап берген аудан әкімі Атырау-Астрахан республикалық тас жолына шаң-тозаңды басу мақсатында суды үздіксіз шашу мүмкін еместігін ашып айтты. Оның сөзінше, жаз мезгілінің аптап ыстығына байланысты шашқан суымыз лезде кұрғап қалады. Одан бөлек, жолға шашуға суды каналдардан алатындықтан, ондағы су мөлшерінің азаюуына әкеліп соғуда.

1dc17408-8359-44bd-b983-6173bc1042b9

Кездесуде «ауыл ішінде автокөліктер қатты жылдамдықпен жүреді. Балаларымыздың амандығына алаңдаймыз. Бұл мәселе де назардан тыс қалмаса екен» деген тұрғындар өтінішіне байланысты аудандық ішкі істер бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Аслан Болатовқа профилактикалық жұмыстарды күшейтуге тапсырма берді. 

Бұдан бөлек кездесуде ауызсу мәселесі сөз болды. Өз кезегінде аудан тұрғындары сағаттап берілетін су тәртібінің өзгеріп, бүгінде ауызсудың үздіксіз беріліп жатқаны қуанарлық іс екенін айтты.

- Күні бүгінге дейін ауданда ауыз суға жауапты болған «Қамысқала Суарнасы»-ЖШС ағымдағы жылдың мамыр айының 31-і күні өз өтініштеріне сай жұмыстарын тоқтатты. Әрине, бұл түйткілді де тарқатуға жұмыстандым. Су - адамға ауадан кейінгі екінші кезекте қажетті тіршілік көзі. Ауданда 13 су тарату-тазарту имараты, 300 шақырымға жуық су желісі бар екендігін еске ала отырып, осының бәрін күтіп ұстау жұмыстарын мемлекеттік мекемеге тапсыруды жөн санадым. Сондықтан бұл мәселені облыс басшысының алдында көтеріп, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-на беруді сұрадым. Облыс басшысы тарапынан қолдау тауып, аталған мекеме ауызсу мәселесіне жауапты мекеме болып бекітіліп, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап ауданға қызмет көрсетуде, - деді аудан әкімі.

Кездесуде тұрғындар тарапынан жолданған басқа да бірқатар мәселелерге жауап берген аудан әкімі уақытты және қаржы бөлуді қажет ететін жұмыстар кездесулердің қорытындысы бойынша жасақталатын іс-шаралар жоспарына енгізілетінін жеткізді.

Айта кетейік, аудан әкімі мұндай кездесулерді барлық ауылдық округтерде жүргізеді.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521