Исатай ауданының әкімі Қаратүбек ықшам ауданының тұрғындарымен кездесті

Үстіміздегі жылдың тамыз айының 6-сы күні аудан әкімі Полымбет Хасанов жергілікті тұрғындармен кездесу кестесін әлеуметтік желідегі «Исатай ауданы әкімдігі», «Нарын Таңы» газеті және өзінің жеке фейсбук парақшаларына жариялаған болатын.

Белгіленген кестеге сай аудан әкімі алдымен Қаратүбек ықшам ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың бірқатар мәселелеріне, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Сондай-ақ кездесуге Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғ.Боранбаев және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Зиноллаев та қатысты.

Кездесуде тұрғындардың көтерген негізгі мәселелері – аталған ықшам аудандағы шағын көпірді жөндеуден өткізіп, тезірек қолданысқа беру, оқушыларды тасымалдаудағы көлік мәселесін тұрақты жүргізу, көшелерді жарықтандыру, жазғы су құбырын тарту. Өз кезегінде аудан әкімі бірқатар мәселелерге жауап беріп, уақытты қажет ететін мәселелер жоспарға енгізілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, кездесуде Қаратүбек ықшам ауданындағы жаңадан қолданысқа берілгелі тұрған білім нысаны да тұрғындардың назарынан тыс қалмады. Тұрғындар аталған оқу орны пайдалануға берілгенде алдымен қаратүбектіктерді жұмыспен қамту мәселесін ескеруді сұрады. Кездесу соңында тұрғындар күні кеше ғана салынған жаңа кіші аяқ доп алаңының ауыл жастары үшін игі іс болғандығын тілге тиек етіп, ризашылықтарын білдірді. Есесіне, аудан әкімі де тұрғындарды алаңды күтіп ұстауға шақырды.

Айта кетейік, аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі 20 тамызға дейін жоспарланған.

Осыған сай, аудан әкімі бүгін 19.00-де З.Гумаров көшесінің тұрғындарымен ескі жанар-жағармай стансасы (АЗС) маңында кездеседі.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521