Бүгін Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Оған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әліби Хайдаров, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлжан Жұмалиева қатысты.
Қоғамдық қабылдауға келген Мафтуха Исағалиева немересінің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуін сұрады. Оның айтуынша, биыл жоғары оқу орнын «инженер-механик» мамандығымен бітірген немересі Альияр Ардагерұлы жұмысқа орналаса алмай келеді. Жас маман бұған дейін түйіндемесін бірнеше мекемеге жібергенімен, нәтиже болмапты. Барған мекемелердің көбі жұмыс өтілінің болуын талап ететін көрінеді. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 6 айға жұмысқа жіберуге мүмкіндік барын айтты.
- Біздегі жұмысқа орналастыру тәртібіне сай, жұмыс сұраушы алдымен жұмыспен қамту орталығына тіркеледі. Егер аудан көлемінде орналасқан мекемелерден сұраныс түскен немесе біз жіберген ұсынысты қабыл алған жағдайда тек қана тіркеуде тұрған азаматтарды қажетті лауазымға сай мекеме басшылығымен әңгімелесуге жібереміз. Аудандық жұмыспен қамту бөлімі жанында 6 ай мерзімді қамтитын «Жастар практикасы» деген бағдарлама бар. Сұраныс түсіп немесе ұсынысты қабыл алған жағдайда екі жақты келісім шарт жасалып, айлық жалақысы аудандық жұмыспен қамту орталығынан төленеді. Егер жұмысшыға берілген 6 ай уақытта ол өзін жақсы қырынан көрсете алып жатса, мекеме басшылығы тұрақты жұмысқа қалдыруы да әбден мүмкін, - деді аудан әкімі және аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлжан Жұмалиеваға «Потенциал Ойл», «Сазанқұрақ» кен орындарына «Жастар практикасы» негізінде ұсыныс жіберуді тапсырды.
Қараша айының 13-жұлдызы Халықаралық зағиптар күні. Қоғамдық қабылдауға келген Исатай ауданы бойынша «Қазақ соқырлар қоғамының төрағасы» Қуанышкерей Мұхитов атаулы күнге мерекелік шара өткізу үшін мәдениет саласының мамандары мен демеушілік білдірер азаматтарды жұмылдыруға аудан басшысының ықпал етуін сұрады.
Қазіргідей індет тараған уақытта көпшілік шараларды өткізуге шектеулер бар екенін тілге тиек еткен аудан басшысы бұл ұсыныстың эпидемиологиялық ахуал тұрақты болған жағдайда ғана жүзеге асатынын жеткізді.
Сондай-ақ қоғамдық қабылдауға өзге мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушы Таулы-Карабах және тәжік-ауған ардагерлері де келді. Өз кезегінде, олар коммуналдық жәрдемақының түспей жатқандығын айтты.
Бұл мәселеге жауап берген аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлжан Жұмалиева аталған мәселе аудандық мәслихат сессиясының күн тәртібінде қаралып, 2013 жылғы 4 желтоқсандағы №151-V «Алушылардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік көмек көрсету еселігін және әлеуметтік көмек мөлшерін, атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесін белгілеу туралы» шешіміне өзгеріс енгізілгенін, бірақ, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі мәслихат сессиясына тек бір жолғы 100 мың теңге жәрдемақыны ғана бекітуге ұсынғанын, ал 10 мың теңге коммуналдық жәрдемақы енгізілмегенін айтты. Нәтижесінде, аудан бойынша 16 ауған соғыс ардагеріне 100 мың теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы төленген.
- Ай сайын 10 мың теңге коммуналдық жәрдемақы жөніндегі шешім Әділет Министрлігіне жіберілді. Тіркелген жағдайда ғана ай сайынғы коммуналдық жәрдемақы төленетін болады, - деді Гүлжан Жұмалиева.
Әділбек СЫРЫМОВ