Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов Нарын құмы өңіріндегі қыстақтарды аралап, аудан шаруаларының жай-күйімен танысты.
Аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Е.Абилхасымов, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі А.Бекішұлы және Нарын ауылдық округінің әкімі Р.Такеновтер Айбас және Мыңтөбе елді мекендерінің малшыларымен кездесті.
Іс-сапарының алғашқы күнінде аудан әкімі Айбас елді мекенін жағалай орналасқан шаруагерлермен тілдесті. Исатай ауданы әкімі лауазымына күні кеше ғана сайланған П.Хасанов Нарын құмы өңіріне алғаш аяқ басып отырғандығын айтып, жергілікті шаруагерлерге алдымен өзін таныстырып өтті. Сондай-ақ аудан басшысы іс-сапарға шығудағы негізгі мақсат аудан шаруагерлерінің атакәсіп жолындағы тыныс-тіршілігіне қанық болып, олардың түйіткілді мәселелеріне құлақ асу екендігін тілге тиек етті.
Басты мәселе – «тіршілік көзі»
Қырдағы елдің басты мәселесі жерасты суы болып отыр. «Жайылым жаман емес. Биыл жауын-шашын жақсы болды. Дегенмен су мәселесі өзекті болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, кеңес одағы кезінде Ресейден Жайық өзеніне су келетін болды. Сол келген су жер асты арқылы Нарын құмына жететін. Каналдар арқылы Құсқонбас, Жаманқұл, Оразайға дейін су келгеннің арқасында біздің жерасты суымыз жаман болған жоқ. Ол кезде су тереңдікте 1,5 метрде болды. Қазір жерасты сулары кемінде 3 метр тереңдікте шығады. Онда да ащы су шығып кетеді. Ащы су ішкен малдың қоңы нашар болады. Бұл мәселе бұлай жалғаса берсе мал басының азаюуына тап келеміз бе деп алаңдаймыз», - дейді С.Қуанышқалиев.
Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген аудан әкімі елді мекендегі орын алып отырған бұл жағдайдың өзіне етене таныс екенін айтты.
- Су мәселесін шешудің әртүрлі жолын қарастырудамыз. Бұл - өзі өте ауқымды мәселе. Белгілі гидрогеолог Едіге Сабуров ағамыз жақында менімен байланысқа шығып, осы мәселе жөнінде өз ойымен бөліскен болатын. Гидрогеологтың сөзінше, құм бар жерде су бар. Ол халық арасында кеңінен таралған осы бір тұжырымның шындығына өмірлік тәжірибесі арқылы көз жеткізгенін айта келіп, дәлел ретінде Нарын құмын мекендеген елдің ғасырлар бойы мал шаруашылығын сумен қамтамасыз етіп келгендігін алға тартты. Сонымен қатар, Нарын құмының жерасты сулары өте тұзды, тереңдеген сайын тұздылығы арта беретіндігін де баса айтты. Қазіргі уақытта аудандық бюджеттен Исатай және Зинеден ауылдық округтерінің жерасты суының құрамын анықтау мақсатында химиялық және биологиялық зерттеу жүргізуге тиісті қаржы бөлініп отыр, - деді аудан әкімі П.Хасанов.
Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі басшысы Н.Өтегенов те бұл мәселе турасында гидрогеолог Едіге Сабуровпен тілдескенін жеткізді. «Гидрогеолог бұл мәселе төңірегінде қызығушылық тудырған әр шаруагерге жауап беруге ниетті. Бұл сіздер үшін тиімді болмақ. Мәселен, құдық қазып беретін болса екеуара келісім шартқа сәйкес инвестициялық салым шығындары болғаны үшін шығынның 25-30 пайызын үкімет субсидиялап береді. Тіпті, кейбір жағдайларда 50 пайызға дейін субсидиялау мүмкіндіктері бар. Ол ұңғыма немесе шахталы құдықтың тереңдіктеріне байланысты», - деді.
Мал тасымалдауда қиындықтар бар
Кездесуде шаруагерлердің көтерген тағы бір мәселесі құм мен ауыл арасына мал тасу барысында туатын кедергілер төңірегінде болды.
- Құм мен ауыл арасында күн ыссыда жүре алмаймыз. Малды тиеп, түнде ғана жолға шығамыз. Әр жолға шыққан сайын жолымыздан МАИ қызметкерлері кезігеді. Олар бізден тиеп келе жатқан малдарымыздың құжатын сұрайды. Ол құжат болмағандықтан бізге айыппұл арқалатып жібереді. Заңдылықтарына сәйкес ауылдық әкімдікке барып, қажетті қағазды алуымыз керек екен. Тіпті малдың сырғасының нөмеріне дейін сұрайды. Ол қағазды алуға біздің мүмкіндігіміз бола бермейді. Себебі, құмнан ауылға түнделетіп қана жүреміз. Ал, кешкі уақытта әкімдіктің қызметкерлері арнайы біз үшін жұмыс жасамайды ғой. Өз малымызды тиеген күйі өз ауылымызға өте алмай қор болатынымыз бізді қынжылтады, - деген шаруагер С.Қуанышқалиев бұл мәселенің шешімін сұрады.
Осы мәселеге қатысты жауап берген аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі басшысы Н.Өтегенов аталған жағдай тікелей аудандық аумақтық инспекция мамандарының құзырында екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, шаруагерлерді тоқтатқан МАИ қызметкерлері оларға акт толтырады, ал айыппұлды белгілейтін аумақтық инспекция мамандары көрінеді.
- Бұған дейін де осындай мәселемен өзіме хабарласқан шаруагерлер болды. Осыған сай, аудандық аумақтық инспекцияның мамандарымен аталған мәселені талқыға салған болатынбыз. Мамандардың айтуынша, малды екі ортада тасымалдау қағидасына байланысты осындай тексеру жұмыстары оларға міндеттелген. Мал құжаттарына қатыстының барлығы ИСЖ базасына тіркеліп отырады. Қалай десек те, олар заң шеңберінде жұмыстарын атқаруда. Себебі сіздер тиеп келе жатқан малдың өзіңіздікі екенін дәлелдеуіңіз керек», - деген бөлім басшысы Н.Өтегенов құжаттарының толық болуына кеңес берді.
Шабындықтың жайы көңіл көншітеді
Шаруагерлермен кездесу барысында биылғы қысқы мал азығын дайындау, шабындықтың жайы сөз болды. «Биыл Маңғыстау, Қызылорда облыстарында қуаңшылықтан мал өлімінің көптеп тіркелгенінен хабардармыз. Адам аярлықтай жағдай. «Малдың жайын баққан біледі» демекші, қаншама жыл еңбектеніп баққан малдарының дәл солай қырылып қалуы малшыларға оңай болмағаны белгілі. Қазір енді аталған облыстарға мүмкіндігінше көмек көрсетіліп жатқанын ақпарат құралдарынан көріп, оқып та отырамыз. Әрине бұл жағдай ешкімнің басына түспесе екен дейміз. Биыл елді мекен аумағына шөптің шығуы жақсы. Қыркүйек айы басталысымен қыс азығын шабындықтан жинамақпыз. Өз қолымызда шабындыққа қажетті техниканың болмауына байланысты 2-3 шаруашылық иелері бірлесе отырып, қажетті техниканы бірге жалдап, шаптыруды жоспарлап отырмыз. Қалай десек те бұл мал азығын сатып алғаннан гөрі тиімдірек болады. Осы жылы жауын-шашын мол түсті. Биылғы шабындықтың жайына көңіліміз толады», - деді Тасқын есімді шаруагер.
Мыңтөбеде кітапхана бар
Аудан әкімі П.Хасановтың іс-сапарының екінші күні Нарын ауылдық округіне қарасты Мыңтөбе елді мекенінде жалғасты. Кездесу барысында аудан әкімі елді мекеннің саны санаулы тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Өз сөзінде аудан әкімі қозғалған әр мәселеге жан-жақты зерделеу жүргізіп, оны шешудің жолдарын қарастыратынын жеткізді. Сапар барысында Үштаған қыстағында орналасқан ескілеу нысанға көзіміз түсті. Сұрастыра келсек, аталған нысан Мыңтөбе елді мекенінің кітапханасы екен. Кітапханаға жауапты кітапханашы Зульфина Серікбаеваның айтуынша, кітапхана бүгінде толыққанды жұмыс жасап тұр.
- Мыңтөбе елді мекені кітапханасы 2000-шы жылы ашылып, содан бері өз жұмысын жалғастырып келеді. Сол жылдары елді мекеніміз Жанбай ауылдық округіне қарады. Осы тұста Сәдуахас Нәубетов деген азаматтың қолқа салуымен, бұнда алғашқы кітапханашы болып жұмысқа тұрдым. Содан бері 21 жыл бойына қызмет етіп келемін. Кітапханада әртүрлі жанрлардағы 5730 кітап қоры бар. Елді мекенде тұрғындар саны аз болғанымен келіп оқитын және кітап алып кететін оқырмандарымыз бар. Сондай-ақ біз көшпелі кітапханамыз. Өзіміз әр шыққан сайын барған жерлерімізге кітаптар ала шығып, таратамыз. Одан бөлек жаз мезгіліндегі демалыс уақыттарында ауыл жақтан балалар келеді. Олар да кітапханаға бас сұғып, өздеріне ұнайтын кітаптарын сұрап жатады. Кітаптан бөлек газет-журналдарды да алдырамыз. Оның ішінде облыстық «Атырау» және аудандық «Нарын таңы» газеттерінің әр аптадағы басылымын еш жіберместен, үздіксіз алдырып отырамыз, - дейді кітапханашы Зульфина Серікбаева.
Әділбек СЫРЫМОВ