Исатай ауданының әкімі жастармен жүздесті

Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов Халықаралық жастар күні қарсаңында аудан жастарымен кездесті.

Еркін форматта ұйымдастырылған кездесу дөңгелек үстел басында өтті. Оған аудандық Жастар ресурстық орталығының өкілдері, ауданның белсенді жастары, студенттер, еріктілер құрамының жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында қоғамның басты қозғаушы күші – жастар жасқанбай түрлі сауалдарын қойып, аудан әкімінің тұщымды жауабын алды. Аудан жастарының басым бөлігі аудан орталығынан бөлек ауылдық округтерде де спорт кешендері, саябақтар, ауылға көрік берер қандай да бір ескерткіш монументтер орнатылса деген ұсыныстарын айтты.

Аудан әкімі алдымен аудан жастарын Халықаралық жастар күні мерекесімен құттықтап, өзінің мерекелік лебізін жеткізді.

Кездесу аясында аудан әкімі Елбасының қолдауымен жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, жастар саясатын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. 

Одан әрі сауалдарға жауап берген аудан әкімі Жанбай ауылындағы жаңадан салынып жатқан спорттық кешеннің құрылысы аяқтала келгенін және көп кешікпей іске қосылатынын жеткізді.

Өз сөзінде аудан әкімі дәл осындай спорт нысанының құрылысы биыл Тұщықұдық ауылында басталатынын және осындай нысанды Қамысқала ауылына да салуды келесі жылдың жоспарына енгізіп отырғанын айтты.

Басқосуда айтыскер ақын Амангелді Панабердиев бойында ақындық өнері бар оқушылардың қабілетін жетілдіріп, айтыс ақындарын тәрбиелегісі келетінін айтып, бұған жергілікті әкімдік тарапынан қандай көмек болатынын сұрады. Ал, «Аққыстау» көңілді тапқырлар клубының жетекшісі Нұрлыбек Ғайнеденов облыстық, республикалық жайдарман ойындарына қатысып, аудан намысын қорғап жүрген 3 құрама команданың ойыншыларына жаңа үлгідегі сахналық костюмдерді тіктіруге қаржылай көмек керек екенін жеткізді.

Одан бөлек те аудан басшысына қатысушы жастар тарапынан жастар саясаты, жастарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары, жұмыссыздық мәселелері төңірегінде сауалдар жолданып, ұсыныс-тілектер тыңдалды.

Кездесуде аудан әкімі жастарға бүгінде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Әзірге жол құрылысы, каналдарға су жүргізу және ауыз судың сапалы берілуі бірінші кезекте орындалуы керектігін, қалған мәселелер маңыздылығына қарай, рет-ретімен жоспарланатынын жеткізді.

Кездесу соңында аудан жастары мерекелік кездесуден алған әсерлерін айтып, аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521