Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті.
Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай аудандық «Нарын таңы» газетінің ұжымы және «Caspian news» телеарнасының операторы Ержан Шеруеновпен болған басқосуда аудан басшысы өңірдегі оң істер мен түйткілдерге тоқталып, тілшілердің сауалдарына құлақ түрді.
Аудандық басылымның жаңа басшысы Нұрболат Нұғманов аудан әкімінің алдағы жоспарларымен танысса, газеттің жауапты хатшысы Аяпберген Салихов туризмді дамыту жайын қозғады.
Ардагер журналист Жоламан Дәулетияр ауылдарға жазғы су құбырын жүргізу жайында, Серікбол Панабердиев ауданның экологиялық жағдайына қатысты сауалын қойды.
Қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берген Полымбет Хасанов ақпарат саласында тер төгіп жүрген азаматарға ризашылығын білдіріп, мерекелік марапаттар ұсынды.
Атап айтсақ, Серікбол Панабердиевке «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының, Аяпберген Салихов, Ержан Шеруенов және аудандық газеттің менеджері Райхан Құбашеваға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Әділбек СЫРЫМОВ