23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастамасымен және облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен бүгін жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметкерлері арасындағы спартакиаданың облыстық кезеңі басталды.
Оған облыс әкімдігі, қала әкімдігі және Исатай, Индер, Мақат, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой ауданы әкімдіктерінің командалары қатысуда.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің базасында орналасқан «Жайық» мәдени-спорттық кешенінде алдымен спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, жарысқа қатысушы командалар алаң төріне шақырылды. Алғашқы болып сөз тізгінін ұстаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов спартакиада мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесін атап өту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп отқанын баса атап өтіп, жарыс жолына шыққалы тұрған командаларға сәттілік тіледі.
Бұдан соң, Мұнайшы стадионында қатысушы командалар арасында алдын-ала жеребе тарту арқылы белгілі болған нәтижеге сай, футбол, волейбол, теннис, тоғызқұмалақ, жүзу, қазақша күрес және бильярд секілді спорт түрлерінен өзара кездесулер басталып кетті.
Байрақты бәсекеде ауданымыздың абыройын асқақтатар Исатай ауданы әкімдігінің командасы дәл қазір шағын футболдан алғашқы кездесуін Индер ауданы әкімдігі және волейболдан Қызылқоға ауданы әкімдігінің командасымен өткізіп жатыр. Сондай-ақ бір уақытта жекелей сындағы өзге де спорт түрлерінен кездесулер жалғасуда.
Айта кетейік, спартакиада екі күнге созылады деп күтілуде. Жарыстың алғашқы күні теннис, бильярд, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, жүзу сынды спорт түрлерінен барлық кездесулер толықтай аяқталады және екінші күні шағын футбол және волейболдан ақтық кездесулер өтеді деп жоспарланған.
Бізде өз тарапымыздан ауданымыздың мемлекеттік қызметшілеріне жеңістің тұғырына көтеріліңіздер демекпіз!
Әділбек СЫРЫМОВ