Исатай ауданының педагогикасы қоржынына - тағы бір жеңіс!

Қараша айының 17-19 күндері Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын қоғамға кеңінен насиxаттау мақсатында «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атты байқау өтті.

«Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауға жерлесіміз Жанбай балалар саз мектебінің директоры, 32 жылдық тәжірибелі педагог Сағия Хисаменденқызы да қатысып, бақ сынады. Байқаудың нәтижесінде облыстың намысын қорғаған исатайлық ұстаз жеңімпаздар тізімінен табылып, қоғамға қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атты төсбелгі мен куәлігін, І дәрежелі дипломын иеленді. Әрі, кіл мықтылардың еңбегі біріктірілген энциклопедияға Сағия Хисамеденқызының да еңбек жолы енгізілді.

Сағия Хисамеденқызы - Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылының тумасы. Музыка саласына деген қызығушылығы оның осы салада табан аудармастан қызмет қылуына себеп болды. Жоғары музыкалық білімі бар ол 1989 жылдан бері Жанбай балалар саз мектебінде еңбек етіп келеді. Анығында, алдымен 20 жылдан астам уақыт осы мектептің сольфеджио және теория пәні мұғалімі болды, әрі xордан сабақ берді. Кейін осы өз қолтаңбасы бар мектептің директоры қызметіне тағайындалып, осы абыройлы қызметті бүгін де адал атқарып жүр. Оның талай шәкірті бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде өз саласы бойынша қызмет етіп, облыс, республика, xалықаралық дәрежедегі саxна төрін бағындырып үлгерді. Бұған дейін де Сағия Хисамеденқызы аудан, облыс, республика көлеміндегі түрлі марапаттарға ие болған еді.

Ал бұл жолғы бағалаудың жөні ерек. Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінде өткен марапаттау шарасы қазақ зиялыларының, билік өкілдерінің, депутаттардың қатысуымен болды. «Білім өркениеті» Ұлттық ғылыми зерттеу орталығының бағалауымен «Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы» атағын республика бойынша түрлі сала иелері иемденді. Мәселен, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те дәл осы шарада төбе көрсетіп, аталмыш марапатқа ие болған еді. Осындай қазақ зиялылары бастаған көш ішінде біздің ауданымыздың ұлағатты ұстазы, білім саласындағы білікті басшы Сағия Хисамеденқызы да болды. Ол да дәл осы «Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы» төсбелгісін иеленді.

Ендеше, марапат иесін жерлестері атынан да құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, толайым табыс тілейміз!

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521