ИСАТАЙ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖАЛАҚЫЛАРЫН ӨСІРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Исатай орта мектебінің бір топ жай қызметкерлері аудандық мәслихат депутаты Ақкүміс Аманбаеваға мұң-мұқтаждарын айтып, жалақы мәселесі төңірегінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалына арызданды. Онда былай делінген: «Исатай орта мектебінде жұмыс жасайтын жай қызметкерлер осы арызды жазуға мәжбүр болдық. Осы мекемеде жұмыс жасайтын бас есепшіден бастап шаруашылық меңгерушісі, вахтер, киім ілуші, күзетші, оператор, сантехник, электрик, хатшы, іс қағаздарын жүргізушісінен қарапайым жұмысшыға дейін жай қызметкерлер санатына жатқызады. Жылма-жыл мектеп мұғалімдерінің айлық жалақысы өсіп отыр. Алайда жай қызметкерлердің жалақысы сол бұрынғы қалпында. Бұл жағдайдың мекемеде жұмыс жасайтын мұғалімдер мен жай қызметкерлердің арасында әлеуметтік теңсіздік туындатып отырғаны ащы да болса шындық».

Осылай жалғаса беретін арызда қызметкерлер мұғалімдердің еңбегін де, өсіп жатқан жалақысын да қызғанбайтындықтарын, дегенмен, мектептің ішкі-сыртқы тазалығы, жылдың қай мезгілі болмасын санитарлық талаптарға сай болып, ұстаздардың сапалы білім беріп, оқушылардың алаңсыз білім алуларына барлық жағдай жасап, уақытпен санаспай, тер төгіп жүрген жай қызметкерлердің де еңбегі бар екендігін айтады. Бірақ, расы сол - ол еңбектері еленбей отыр. Мәселен, арызда көрсетілгендей, бюджет саласында жұмыс жасағанымен, ауылдық 25 пайыздық коэффициент оларға қарастырылмаған. Кезекті еңбек демалысына шыққанда төленетін бір жылғы сауықтыру жәрдемақы да жай қызметкерге төленбейтін көрінеді. Қарапайым дәрігерлік тексеруден өтудің өзі бұлар үшін ақылы.

Аталған мәселе төңірегінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында талқыланды. Комиссия төрағасының орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Асхат Жұмабеков мәселенің мән-жайымен таныстырып, түйткілге қатысты мамандар пікіріне құлақ асты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева жай қызметкерлердің көтеріп отырған мәселелерін орынды санайды. Басшының айтуынша, бұрын 42 мың 500 теңге жалақы алып келген олардың айлығы 2019 жылдан бастап 53 мың теңгеге ғана көтерілген. Алайда қаржылық мәселені шешуге аудандық білім бөлімінің құзыреті жетпейді.

– Бұл - Үкіметтің арнайы Қаулысы арқылы шығатын дүние және біздің ауданға ғана емес, барлық өңірлерге ортақ проблема. Басқасын айтпағанда, күндіз-түні көз майын тауысып жұмыс жасайтын есепшілердің жалақысы 60-70 мың теңге ғана. Сондықтан бұны Парламент депутаттары биік мінберлерде көтеруі керек деп ойлаймын. - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Азық-түлігің бар, басқасы бар, күн санап баға шарықтап жатқан заманда 53 мың теңге жалақы жан бағуға ғана жетеді десек, еш сөкеттігі болмас. «Айлығымыз шайлығымызға жетпейді» деп зар қаққан қарапайым қызметкерлер ішпек-жемектен бөлек ай сайынғы төлем мен несиелердің өзі жанға батып тұрғанын жасырмай жазыпты. Оның үстіне зейнетақы мен жалақы сәл өссе болды, баға шыңғырып шыға келетіні тағы бар. Қысқасы олардың талабы мынадай: «Еңбекақыны көтеріп, 25 пайыздық ауылдық коэффициентін, кезекті еңбек демалысына шыққандағы бір жылдық сауықтыру жәрдемақысын төлеу, жылына бір рет дәрігерлік тексеруден ақысыз өту».

Мәселені мектеп қызметкерлері көтеріп отыр демесеңіз, бұл - барлық мекеменің де жай қызметкерлеріне қатысты мәселе. Мамандардың да айтуы орынды. Дәл қазір олардың қолынан келер дәрмен жоқ. Бірақ, жұмысшылардың мұң-зары аяқсыз қалмайды, жоғарыға жолданады. Бір әттеген-ай дейтініміз, бұған дейін жай қызметкерлердің жағдайын ойлап, жанашырлық танытпаппыз. Тіпті, бұл жайлы жаз болса ауылдарды аралайтын сенаторларға да «ләм-мим» деп тіс жарып, дабыл қаққанымыз жоқ. Енді айтылуы тиіс.

Күні кеше сайлау болады дегенде «есіктен – есікке» беттеп, «елмен біргеміз» дескен халық қалаулылары бұл үлкен мәселені Парламент қабырғасында талқыға ұсына ала ма? Көрейік.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT