Isatai Quiz League додасында «Жайықмұнайгаз» озып шықты

 

21 қазанда аудан әкімдігінің қолдауымен «Isatai Quiz League» атты зияткерлік сайыстың алғашқы кезеңі басталған болатын. Ал 25 қарашада оның финалы өтіп, аудан мекемелері арасындағы білім мен логиканы сарапқа салған тартысты дода өз мәресіне жетті.

 

 

Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған лига биыл «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» ұранымен өтті. Жоба жастар мен түрлі сала қызметкерлерін бір алаңда тоғыстырып, олардың ойлау жүйесін, тапқырлығын және жылдам шешім қабылдау қабілетін дамытуға бағытталды.

 

 

Бес турдан тұрған сайысқа барлығы он екі команда қатысып, тарих, мәдениет, спорт, логика және жалпы танымдық бағыттағы сұрақтарға жауап берді. Әртурда командалар ұпай жинау үшін барын салып, соңғы кезеңге дейін қызықты да қызу ойын өрбіді.Сайыстың ұйымдастырушысы, жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдаулет Серікқалиұлының айтуынша, бұл лига ауданымызда алғаш рет өткізіліп отыр.Қатысушылар әр тур сайын жаңа тәжірибе жинап, өз білімдерін арттырды. Осындай жобалар жастар мен қызметкерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді әрі ауданымыздың интеллектуалды әлеуетін нығайтады. 

Сайыстың ақтық кезеңіне аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қатысып, қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарға алғыс хаттар мен сертификаттарды табыс етті.

– Бүгін біз ауданымыздағы зияткерлік сайыстың жарқын үлгісін көрдік. Барлық командалар өздерінің білімін, логикалық ойлауын және тапқырлығын жоғары деңгейде дәлелдеді. Мұндай жобалар жастардың интеллектуалды әлеуетін арттыруға, ұжымдық рухты қалыптастыруға және ауданның жалпы дамуына елеулі үлес қосады, – деді аудан әкімі.

 

 

Төрт тур бойы көш бастап келе жатқан аудан әкімдігінің дербес бөлім қызметкерлерінен құралған «Цунбиятрм» командасын соңғы турда «Жайықмұнайгаз» командасы шеберлігі мен командалық бірлігінің арқасында басып озды. Шешуші сәтте қарсыластарынан оза шауып, көшбасшы атанған «Жайықмұнайгаз» командасы І орынды жеңіп алып, 130 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

 

 

Тұрақты ойыны, табандылығы және жинақылығы арқылы ерекшеленген мектеп-гимназияның «Үш әріп» командасы ІІ орынды иеленіп, 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.

 

 

Ал алғашқы турларда жоғары нәтиже көрсеткен «Цунбиятрм» командасы ІІІ орынға тұрақтап, 70 000 теңге сертификатқа ие болды.

 

 

Осы орайда, жеңіс қуанышын «Жайықмұнайгаз» командасының ойыншысы Сырым Мұратов та бөлісті.

– Бұл ойын әр адамның ойлау қабілетін шыңдайтын тамаша мүмкіндік. Әсіресе соңғы турдағы шешуші сұраққа дұрыс жауап берген сәтіміз – біз үшін нағыз жеңіс пен шексіз қуаныштың символы болды. Команда болып бір-бірімізге сеніп, бір бағытта әрекет еткеннің арқасында жеңіске жеттік. Осындай интеллектуалды ойындар жиі ұйымдастырылып, ауданымыз білімді де зерделі жастарға тола берсін! Командамыздың атынан ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз,-деді ол.

 

 

«Isatai Quiz League» биыл аудан жастары мен түрлі сала мамандарын бір алаңға жинап, білімнің, логиканың және командалық рухтың шынайы мерекесіне айналды. Әр команда өз мүмкіндігін көрсетіп, тартысты дода интеллектуалды дамудың, бірліктің және белсенді азаматтық көзқарастың маңызын тағы бір дәлелдеді. Осындай жобалар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, ауданның мәдени-танымдық өміріне тың серпін қосары сөзсіз.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT