banner_damu

Исатай Тайманұлы - Алаш азаттығының арысы

Дархан даланың төсінде тұяғы тасты уатқан тұлпарды тақымдап, ұлтының азаттығы үшін атқа қонған асыл ерлер аз емес.

Сан ғасырлық тарихымызға көз жүгіртсек, халқын аңсаған арманына жеткізуге талпынған талай тұлға алдыңнан атойлап шығады. Есімі елдің есінде жаңғырған баһадүр батырымыздың бірі һәм бірегейі - Исатай Тайманұлының туғанына биыл 230 жыл толып отыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мәні мен маңызы мол тойды атаусыз қалдыру - елдігімізге сын болатыны сөзсіз. Тайманұлы Исатай батыр да - тәуілсіздікке ұмтылған, азаттықты аңсаған ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ еді.

1838 жылы Ақбұлақ өзенінің жағасындағы патша әскерімен болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан Исатай батырдың жерленген жері - Ақтөбе облысы Қобда ауданының аумағындағы Шейітсай қорымы. Бұл дерек төңірегінде талай даудың да болғаны рас. Алайда, елге белгілі тарихшылар, исатайтанушы ғалымдар мен сөз зергерлерінің соңғы пайымына сүйенсек, Исатай батырдың жерленген жері Шейітсай екені даусыз. Тарихи деректер де осыны құптайды. Ендігі бізге артылған міндет - Исатай Тайманұлының есімін ұлықтап, ұрпақ жадында мәңгі қалдыру.

Батыр Бабамыздың жерленген жері анықталғаннан кейін, 2013 жылы басына қаза болғанынан бері 176 жылдан кейін кесене тұрғызуды бастама қылып көтердік. Әрине, әр істің сәті болады емес пе? Исатай батырдың кесенесін тұрғызу туралы мәселе уақыт оздырмай кезең-кезеңімен өз шешімін тауып отырды. Осы тұста батыр бабамыздың әруағы қолдағанына шүбә келтіруге болмас.

Өткенге сәл шегініс жасасақ... Исатай ауданының әкімі болып тұрған кезімде, өңірімізге белгілі азамат, сол кездегі Исатай аудандық мәслихат хатшысы, марқұм Қадимов Жұмажан ағамызбен бірге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Б.Мамыраевты арнайы іздеп бардық. Өйткені, Исатай батырдың кесенесін тұрғызу үшін, алдымен, оның сол Шейітсайда жерленгені туралы ғылыми дәлелденген құжат қажет болды. Сондықтан 2013 жылдың қараша айында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланды.

Тарих ғылымдарының докторы, академик, Табылдиев Хисмет Бозанұлы төрағалық еткен келелі кеңеске Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан 18 тарихшы ғалыммен бірге өңіріміздегі исатайтанушылар мен батыр ұрпақтары, өлкетанушылар қатысты. «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» атты конференцияда белгілі ғалымдар Исатай Тайманұлының жерленген жері Шейітсай екенін айғақтайтын тың деректерді ортаға салды. Осылайша, жиын қорытындысымен «1836-1838 жылдары болған ұлт-азаттық көтерілістің» қолбасшысы Исатай Тайманұлының жерленген жерін Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы Шейітсай қорымы деп тану туралы қаулы қабылданды. Ғалымдардың ғылыми дәлелінен соң, ісіміз оңға басты. Батырдың есімін иеленген Исатай ауданында «Исатай батыр» атындағы қор құрылды. Кесененің жобасы дайындалып, осы мақсатта құрылған арнайы комиссия өз шешімдерін кезінде ақпарат құралдарында бұқараға жария етіп отырды. Нәтижесінде, 2014 жылдың 20 қарашасында Исатай батыр мен ұлы Оспанға алыстан менмұндалап көрініп тұратын ақкүмбез кесене бой көтерді.  «Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деп қуанды күллі қазақ. Кесененің ашылу салтанаты да ойдағыдай өтті. 8 қырлы, ені 6 метр, биіктігі 11,5 метр болатын дулыға тәрізді алып кесене батыр рухын асқақтатып тұр қазір. Исатай батыр мен ұлы Оспанға арналған бұл ескерткіш болашақ ұрпақ үшін ұлы олжа десек, артық айтқанымыз емес. Бұл жұмыстар осымен аяқталып қалмайтыны белгілі. Осы кесененің күні бүгінге дейін, ең болмаса, жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне алынбағаны көңілімізге қаяу келтіреді. Сол кезде Исатай ауданында құрылған қор қазір облыс орталығында өз жұмысын жалғастырып жатыр. Мұнайлы өңірдегі кәсіпкер азаматтар, демеушілер өз көмектерін аянып жатқан жоқ. Кемеңгер қазақтың «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мағыналы мәтелі бар. Өңіріміздің белгілі кәсіпкері һәм меценаты Ақдрашев Ибрагим, Исатай ауданындағы «Бекет»  шаруа қожалығының басшысы Ғұбайдуллин Абат, Мақат ауданының перзенті, кәсіпкер Мақсотұлы Абзал мен «Сазанқұрақ» ЖШС тарапынан әрқайсысы 1 миллион теңге көлеміндегі қаражат қорға аударылды. Бұл да батыр бабамыздың рухына деген тағзым.

Исатай Тайманұлының сенімді серігіне айналған 8 батырдың да есімін ел жадында жаңғырту - ұлт парызы. Олар:

1. Жақия Исатайұлы

2. Қожахмет Өтемісұлы

3. Қабыланбай Қалдыбайұлы

4. Құдайберген Елемесұлы

5. Тінәлі Тайсойғанұлы

6. Сарт Еділұлы

7. Уса Төлегенүлы

8. Үбі Усаұлы

Ендігі біздің мақсатымыз - Исатай Тайманұлы мен ұлы Оспанға арналған 8 қырлы кесененің бұрыштарына осы 8 батырға арнап ескерткіш белгілер орнату. Исатай Тайманұлының рухына тағзым етіп барғанда, жұрттың алдынан әйгілі қолбасшы батырларымен алыстан менмұндалап қарсы алса, деректері кеңейіп, жоғымыз табылғандай болар еді. Бүгінде Батырдың туғанына 230 жыл толуына орай атқарылатын жұмыс жоспары әзірленді. Белгілі маңғыстаулық Ермұхан Алиев есімді шебер 8 батырға арналып салынатын ескерткіштің жобасын дайындауға кірісті. Сондай-ақ, Исатай Тайманұлы туралы деректі фильмнің де түсірілімі басталды. Соңғы жылдары шыққан тың деректерді осы деректі фильмде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Оған қоса, батырларымыздың есімін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында экспедиция ұйымдастыруды қолға алдық. Осыған дейін 2017 жылы «Қарой-Шейітсай-Қарой» автоэкспедициясын өткізген едік. Оның басты мақсаты - батырлардың рухын жаңғыртып, олардың жерленген жерлерінен топырақ алмасу еді. 31 шілдеде экспедиция мүшелері Индер ауданындағы Махамбет батыр жерленген Қаройға келіп, кесенеден топырақ алып, оны 1 тамызда Шейітсай қорымындағы Исатай батыр мен Оспан кесенесіне жеткізді. Одан кейін 2 тамызда экспедиция Исатай батырдың кесенесінен алған топырақты Махамбет батыр кесенесіне салып, екі Ұлы дала батырының рухын мәңгіге қосқан еді. Сондай-ақ, Шейітсайда жерленген батыр бабамыздың басынан алынған бір уыс топырақ Исатай ауданындағы И.Тайманұлы атындағы мұражайға қойылды.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қазақ халқының бағына біткен батыр Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл және 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің 185 жылдығын атап өту үшін, оған қоса жыл бойы өткізілетін шаралардың басы ретінде  «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалында «Исатай Тайманұлы - азаттық жолындағы күрескер» атты ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Келелі кеңеске жиылған 8 академик, 6 ғылым докторы, исатайтанушы ғалымдар, профессорлар, өлкетанушылар тың деректерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында Исатай Тайманұлының 230 жылдығына арналған іс-шаралар тізімі жасақталған еді. Атырау өңірінде азаттық жолындағы күресті дәріптеп, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жұмыс жоспары құрылды.

Алдымен, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс туралы деректер жинақталған Санкт-Петербург, Мәскеу, Астрахань және басқа қалалардағы архивтерге ғылыми экспедиция ұйымдастыру көзделіп отыр. Еліміздің әр өңірінде, білім ордаларында «Исатай Тайманұлы - азаттық жолындағы күрескер» атты тақырыпта мәдени-көпшілік шаралар өткізілсе, әрине, өнегелі болар еді. Батыр есімі қайта жаңғырар еді. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептердің 7 сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс төңірегіндегі көптеген олқылықтардың бар екенін тарихшы ғалымдар жоққа шығармайды. Осы мәселенің шешімін табуда ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовке хат жолдау жоспарланды. Елінің еркіндігін аңсаған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы тарихи-танымдық, ғылыми кітаптар шығару, жаңадан деректі фильмдер түсіріп, олардың ерлігін күллі елге паш ету - ұрпақ парызы. Сонымен қатар, батыр бабамыздың 230 жылдығы қарсаңында Исатай Тайманұлының есімі әскери құрамаға берілсе деген ұсыныс қойып отырмыз. «Халық батыры - Исатай Тайманұлы» атындағы марапаттар тағайындауға қазір ұсыныс та дайындалып жатыр. Исатай Тайманұлы тек Атырау ғана емес, Алты Алаштың айбынды батыры. Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы «Шейітсай» қорымындағы Батыр кесенесіне әр өңірден тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырылуы керек. Өйткені, тарихын таныған жастар кемелденбесе, кемімейтіні белгілі.

Таудан мұнартып ұшқан тарланым,

Саған ұсынсам қолым жетер ме,

Арызым айтсам өтер ме?

Арыстаным, көп болды - ау

Саған да менің арманым!

Кермиығым, кербезім! Керіскедей шандозым.-, деп, марғасқа ақын Махамбет Өтемісұлы Исатайдың қолбасшылығын, кемеңгерлігін, даралығы мен даналығын сипаттай келе:

Арыстан еді - ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен?! -, деп қайғыра жоқтайды. Жан серігі Махамбет жырға қосқан Исатай туралы сөз қозғалса ең әуелі ойымызға осы бір жолдар оралатыны сөзсіз... Оның өршіл рухы, халқы үшін жанын құрбан еткен өжеттігі қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де, тарих парағынан сызылып қалған жоқ. Керісінше, қайтадан жаңғырып, қайтадан қарқын алып, жаңаша парасатты тұрпаты сипатталды. «Екі ғасыр алмасып, заманның, қоғамның, адамның танымы ауысқан шақта Исатайдың тарихи тұлғалығын насихаттауда қандай мақсат?» деуіңіз мүмкін. Әрине, бұл ғасыр білімнің, ғылымның, өркениеттің заманы... Дегенмен, ұлттың батырлық болмысы кез келген салада, кез келген істе керек-ақ. Қазіргі заманда батырлық жалған намыс пен біреуге залал келтіруге емес, ел мен жердің келешегін пайымдауға, оның ғылымы мен білімі үшін қажет. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Исатайдың өршіл, батыр да батыл, елін сүйген алып Жүрегі, Рухы бізге және бізден кейінгі ұрпақ үшін керек екені даусыз.

Нұрлыбек ОЖАЕВ, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар
министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы,
Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68,
2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru

Яндекс.Метрика