Исатайда электр желісінің құрылысы биыл аяқталады

Исатай ауылында көптен шешімін таппай келе жатқан екі негізгі мәселе бар.

2019 жылы басталып, аяқсыз қалған электр желісі мен 8,6 шақырым ауылішілік жолдың құрылысы. Екеуі де халықтың негізгі сұранысын қанағаттандыратын ірі жобалар. Бұл жолы Исатай ауылдық округі әкімінің есебіне аталған жобаларды жүзеге асыруы тиіс «Тимакс электро» және «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары қатысып, биыл жұмыстар толықтай аяқталатынын айтты.

2

«Атырау жолдары» ЖШС басшысы Қанат Хайроллаұлы: -ЖаҺандық пандемия біздің де жұмысымызға әсер етіп, тұралап қалғанбыз. Қазіргі таңда 2021 жылы бөлінген қаржыға Атырау қаласы мен Аққыстаудағы темір жол тұйығымызға (тупик) қажетті материалдарды түсірдік. Қиыршық тас (щебень) пен ПГС Ақтөбеден жеткізілді. Құдай қаласа, наурыз айында жұмысты бастап, биыл жол құрылысын толықтай аяқтаймыз,-деді.

Исатай ауылында жалпы 18 көшені қамтитын ұзындығы 8,6 шақырым жол салу жоспарланған. Тұрғындар құрылыс жұмыстары басталған кезде кірмежолды бүлдіріп алмау үшін, ауыр жүк көліктерімен тасымал жұмыстарының денін күн ысымай тұрып, наурыз, сәуір айларында жүргізуді ұсыныс етті. Тұрғындардың айтуынша, ауылға 2011 жылы пайдалануға берілген кірмежолда қазірдің өзінде шұңқырлар пайда бола бастаған.

Сондай-ақ жиында «Тимакс энерго» ЖШС басшысы Александр Николаевич электр желісі құрылысын биыл шілде айының соңына дейін аяқтауға уәде берді. Оның айтуынша, компания қаржылық қиындықтарға тап болған. Бірақ соған қарамастан, қолда бар мүмкіндіктің барлығын келісілген жұмысты аяқтауға пайдаланбақ. Қазірдің өзінде қажетті құрал-жабдықтар, 122 бетон соқа, 5 трансформатр (КТП) ауданға жеткізілген, наурыз айында жұмысты бастап, шілдеде жұмысты аяқтау жоспары бар көрінеді.

Қос мердігер ел алдында берген уәделерінде тұрып, биыл жұмысты аяқтап, екі ірі жобаның «жыры» бітсе, Исатай ауылындағы негізгі мәселелер шешімін тапқан болады.

Бұдан да өзге атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған ауыл әкімі Аслан Ғұбаш:

-Исатай ауылында кіші спорт кешеніне 260 0000 млн. теңгеге 2 рет конкурс жарияланса да, күні бүгінге дейін конкурска қатысушы мердігер мекеме түспеуіне байланысты қаржысы кері нақтылануда. 100 орындық балабақша құрылысы мен 300 орындық мәдениет үйі құрылысының жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтті. Аудан әкімінің қолдауымен «BP Contact» ЖШС келісім шарт жасақталып, демалыс саябағына жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында дала сахнасы жөнделді. 803571 мың теңгеге «Идеркенов Т» жеке кәсіпкермен келісім шарт жасақталып, ауыл көшелеріне 30 дана көше жарығы орнатылды. 2020-2021 жылы қысқы маусымға дайындық барысында 4 миллион 300 мың теңгеге 1 дана КТП қойылды. Халықтың сұрауы бойынша «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ-нан 1 дана КТП алынып, ауыл орталығына орнатылды.

«Қиғаш-Манғышлак» магистарльды су желісінен су тарату қондырғысы (ВОС) аралығындағы бұрын 40-50 см теріңдікте жатқан су құбыры 1,7 метрге тереңдетіліп көмілді. Жоба құны – 11 миллион 600 мың теңге. Биылғы жылы халық сұрауы бойынша ауылдың кіре берісіне арка орнатуға 8 миллион 957 мың, кіші аяқ доп алаңын қайта жаңғыртуға 7 миллион 068 мың теңге қарастырылып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Исатайға кірме жолды жөндеу, шұңқырларды жамау жұмыстары мен күтіп ұстау үшін қаржы сұратылуда.

Балалар ойын алаңы мен көше тренажерларына және су тазарту қондырғысының 200 метр темір құбырын пластикке ауыстырып, тереңдетіп көмуге жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда,-деді.

2

Тұрғындар жиында ауа райының қолайсыз мезгілдерінде жолаушылар пойызын күтуде қолайсыздықтар туындамас үшін темір жол вокзалының ашық тұрғанын қалайтындарын жеткізді. Сондай-ақ аудан орталығынан салынған 320 орындық білім беру нысанын әуелдегі мақсатын өзгертпей, кәсіптік-техникалық лицей ашуды сұрады. Тұрғындардың пікірінше, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазір техникалық мамандықтарға басымдық беріп жатыр. Оның үстіне мұнайлы ауданда техникалық мамандықтарға даярлайтын білім ордасы болуы керек. Басқа аудандардың бәрінде кәсіптік-техникалық білім беру ошақтары бар.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға еліміздегі сауықтыру орындарына жолдама беру, қасқыр ату лимитін қайта қарау, ауылдағы мал дәрігерін көлікпен қамтамасыз ету сынды мәселелерді көтерді.

Бір айта кетерлік жайт, өткен жылы мәдениет саласында исатайлықтар үшін табысты жыл болды. Ауыл әкімі Аслан Ғұбаштың баяндауынша, жыл ішінде аудандық, облыстық, республикалық мәдени шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, аудандық мұражай ұйымдастырған «Әлди бөпем - құт бөпем» атты бесік жыры мен «Пай-пай қазақтың келіндері-ай» сайыстарының, «Жігіт сұлтаны-2021» байқауының, Х.Ерғалиевтің 105 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өзегім толы ақ жалын» атты көркемсөз оқу сайысының бас жүлделері исатайлықтардың еншісінде кеткен және «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық, облыстық кезеңінің бас жүлделерін де исатайлық отбасы жеңіп алды.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521