Исатайлық ақ халатты абзал жан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс көлемінде көптеген мерекелік іс-шаралар өтіп, ауданымыздың бірқатар сала мамандары марапатталған болатын.

Олардың ішінде Исатай аудандық ауруханасының жоғары санатты мейірбикесі Нәсіп Төлешқызы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Өткен күндерде ел басына күн туып, жаһанды жайлаған індеттен талай адамның тағдырына араша тұрған ақ халатты жандардың бірі – осы Нәсіп Төлешқызы.

Қысқаша айтар болсақ, Нәсіп Төлешқызы бүгінде 39 жыл бойы Исатай аудандық ауруханасында еңбек етіп келе жатырған, өз ісінің білікті маманы. Алғаш еңбек жолын шалғай елді мекендердегі мал шаруашылығындағы шопандарды қараудан бастаған ол, бүгінгі күнге дейін науқастарды емдеу жолында өз жұмысын тиянақты атқаруда. Сондай-ақ соңғы жылдары әлеуметтік қызметкер болып, мұқтаж жандарға да көмегін көрсетіп, психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетуде сүбелі үлесін қосып келе жатыр.

- Дәрігер мамандығы кез келген жанның таңдауына түсе бермес аса қатты жауапкершілікті қажет ететін мамандықтардың бірі деп білемін. Себебі, қызметіміз адам денсаулығымен тығыз байланысты болғасын, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Деседе, осы мамандықты таңдап, науқас жандарға қызмет етіп, олардың өміріне араша түсу ерлікпен пара-пар. Міне, денсаулық саласындағы көп жылғы еңбегім ақталып Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып жатыр. Ендігі келер жылымыз берекелі болып, ауыр індеттен біржола арылуды Алла бізге нәсіп етсін!, - дейді марапат иесі.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT