Исатайлық азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды

Исатай ауданында мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік апатына себепші болған азамат 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Белгілі болғандай, оқиға Аққыстау ауылы Ынтымақ көшесінің бойында орын алған. «ВАЗ-21154» маркалы автокөлігін тізгіндеген жүргізуші қарсы бағытта келе жатқан «LADA-21214» маркалы автокөлігінің жүріс жолағына түсіп, жол-көлік оқиғасына себепші болды. Салдарынан «LADA-21214» көлігінде болған жолаушылар жеңіл дәрежелі жарақат алды. Полиция қызметкерлері істің мән-жайын тексеру барысында «ВАЗ-21154» көлігінің жүргізушісінің көлікті алкольдік масаң күйінде басқарғанын анықтады. Осыған байланысты, 57 жастағы жүргізушіге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 3-бөлігімен (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер) әкімшілік хаттама жасақталды. Исатай аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Әзірге сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, аудандық полиция бөлімінің мамандары ауылішілік және республикалық маңызы бар тас жолдары жол-көлік оқиғасының дейгейін төмендету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде 19 шілде мен 18 тамыз күндері аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізуде. Соған қарамастан, жол-көлік оқиғасы тыйылар емес.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521