Исатайлық полицейлер қайырымдылық көмек көрсетті

«30 игі іс» марафоны аясында исатайлық полицейлер қос отбасыға қуаныш сыйлады.

Тәртіп сақшылары алдымен Тұщықұдық ауылында тұратын мүмкіндігі шектеулі Зульфияның шаңырағына арнайылап ат басын бұрып, оған қозғалып тұруына қолайлы нұсқадағы жаңа арбаны тарту етті. Шырайлы жүздесуде ел қорғандары жас жеткіншектің ата-анасына да естелік сыйлықтар табыстап, олардың перзент тәрбиелеуде өмірдің қиындығына қайыспай, қайраттылық танытып келе жатқандарына тәнті екендіктерін қуанышпен жеткізді.

5

Сондай-ақ ел қорғандары бұл күні мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отқан аққыстаулық жалғызбасты ананың да шаңырағына бас сұғып, азық-түлік толы себет табыстады. Өз кезегінде тәртіп сақшылары тарапынан қамқорлық сезінген қос отбасының да мүшелері аудан сақшыларына ізгі амалдары үшін алғыстарын жеткізіп, қызметтеріне табыстар тіледі. Ал, қашанда қайырымдылық жасауды өздеріне парыз еткен полицейлер қауымы осындай іс қылу арқылы мейірімділік пен ізгілікті жоғалтпауды мақсат ететіндіктерін атап өтті.

dsaxzc

- Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мұндай қайырымдылық іс-шараларын өзара келісіп, ойларын ортаға салу арқылы жүзеге асырады. Ең басты мақсатымыз – көмекке мұқтаж жандарға кішкене болса да септігімізді тигізу, қоғамның өзге де мүшелеріне, «Полицей боламын» деген жастарға үлгі болу. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндетіміз болса да, жұртшылыққа жанашыр болуды да естен шығармаймыз, - дейді бізбен тілдескен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимуханов.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT