Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов, ҚР Фермерлер қауымдастығының Исатай аудандық филиалының төрағасы С.Есенов бастаған арнайы топ шабындық жерлерді аралады.
Мамандар алдымен шаруа қожалық иелерімен кездесіп, олардың қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының жайымен танысты.
Одан әрі сапар барысы шабындық жерлерді аралаумен жалғасты. Оның ішінде Құрманғазы ауданымен шектескен, шекералық аймаққа кіретін Новинск аралы маңындағы шабындыққа қолайлы жерлерде қаралды.
Бөлім басшысы Н.Өтегенов көршілес ауданмен шектескен Новинск арал маңынан шөп шабамын деген бригадаларға толықтай мүмкіндік қарастырылғанын айтады.
- Бұл мәселе жөнінде алдын ала Құрманғазы ауданы әкімдігіне, Шекара қызметіне осы аралықтан Исатай ауданынан шөп шабамын деген бригадалардың еркін жүріп тұруы үшін ресми хат жолданды. Қаралған аймақта мал азығын дайындауға шабындық та, оған сәйкесінше теңіз суының қалып қойған жерлері де жоқ емес. Бұдан бөлек Қарабулек, Серетка сияқты теңіз жағалауындағы өңірлерден бригадалар шөп шауып сатуда, басынан алып кетсе бағасы 3500-4000 теңге. Ауыл арасында жеткізіп сату бағалары 7000-8000 теңге төңірегінде қарастырылған, - дейді Н.Өтегенов.
Сондай-ақ биылғы жылы Нарын құмы өңірінде де шабындық жерлердің қоры жылдағыдан жақсы деңгейде екендігін еске салған мамандар ол маңдада шаруагерлердің шөп шабу жұмыстарына кірісіп кеткендігін айтады.
Әділбек СЫРЫМОВ