Бүгін аудан әкімдігінде қоғамның ең бір салмақты да салиқалы тобы – ардагерлер бас қосқан маңызды жиын өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің есеп беру және сайлау конференциясы елдік істерге өмірін арнаған ақсақалдар мен ақжаулықты әжелердің ой-пікірін тоғыстырған тағылымды алаңға айналды.
Конференция жұмысына аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Мәлік Әбілқайыров және аудан ардагерлері қатысты. Күн тәртібінде мандаттық комиссияның есебі, аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының атқарған жұмысы және бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиында баяндама жасаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимоллаұлы өткен кезеңде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуы, жас ұрпаққа тағылым беру, бірлік пен татулықты нығайту бағытындағы істерді атап өтті. Баяндама мазмұны қатысушылар тарапынан қолдау тауып, ұсыныс-пікірлермен толықты.
Конференция барысында ұйымның алдағы қызметін жүйелі жүргізу мақсатында пленум және алқа мүшелері сайланып, ардагерлер кеңесінің жаңа жұмыс құрамы бекітілді. Сонымен қатар, ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.
Іс-шара аясында еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар да назардан тыс қалмады. Атырау облыстық ардагерлер ұйымының алғыс хатымен Жұмағалиева Сара, Боранбаев Ғаділ, Нұрманова Күләш марапатталса, Құрмет грамотасы Батырбаев Лұқпан мен Қазимов Патихке табысталды. Ал Құбашев Алхам «Ар мен даңқ» медаліне ие болып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Конференция қорытындысында алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс бағыттары айқындалып, аудандық ардагерлер ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Бұл жиын – өмірлік тәжірибесімен қоғамға бағдар беріп жүрген ардагерлердің бірлігі мен ел болашағына деген жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындаған мазмұнды басқосу болды.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


