Исатай аудан әкімі аналарды мерекемен құттықтады

Исатай ауданында аудан әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен 8 наурыз -  Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік шара өтті. Шарада әр салада еңбек етіп жүрген нәзікжандылар, көпбалалы және ардагер аналар қатысты. Аудан әкімі Полымбет Хасанов барша қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Ардақты аналар, аяулы апа-қарындастар және әріптестер, сіздерді көктемнің жылы лебін ала келген әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке -  жылуылық пен сұлулықтың мейрамы. Бақыттың бастауы, берекенің ұйытқысы, қай кезеңде болмасын, ұрпаққа өмір сыйлаған аналардың орны ерекше. Анаға құрмет көрсетіп, қадірлеу - ол біздің басты парызымыз. Анаға құрмет көрсету - ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Біздің аналарымыз тек жанұяда емес, қоғамда да үлкен пайдаларын тигізуде. Түрлі салада аянбай тер төгіп жүрген аяулы нәзікжандылар қаншама?! Отбасындағы міндетін де орындап, мемлекеттің дамуына да өз үлестерін қосып, тыңбай еңбек етіп жүрген аруларымыздың еңбегі өлшеусіз. Әйел-аналардың біздің жанымызда жүруі бізге үлкен көмек пен күш сыйлайды. Аяулы асыл жандар қандай құрметке де лайық. Осындай мақсатпен бүгін бас қосып жатырмыз.  Құрметті бүгінгі мереке иелері, төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, жайдары көңіл-күй мен шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, әр күндеріңіз жақсылық пен бақытқа толы болсын!-деді аудан әкімі. 

Содан соң Зинеден ауылының тұрғыны Жанаргүл  Ғұбашева, жанбайлық Тұраргүл Мұбаракова, исатайлық Гүлсезім Мұсаеваларға «Алтын алқа» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанған Балғаным Қайырлиева мрапатталды.  Бір топ ана облыстық ардагерлер кеңесінен жолданған марапаттармен  ұлықталды. Атап айтқанда, Жұмақыз Түсіпқалиева «Ардақты ана» медалімен, Қарлығаш Махимова мен Сайрангүл Булекова «Хиуаз» медалімен және Айгүл Қуанышбекова, Бағилан Дюсалиева ардагерлер кеңесі төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Оған қоса аққыстаулық зейнеткер Қабира Алмағанбетова, тұщықұдықтық ардагер ұстаз Сания Бисенова, нарындық Майра Ельмишева, Қамысқала ауылдық округі әкімі апаратының бас маманы Әдемі Қасымова, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Ұлжан Қадырова, №5 мұнай және газ өндіру цехының 4 разрядты мұнай өндіру операторы Айсұлу Шиндаулова мен зинедендік Алтынай Рахметова және теміржол саласының ардагері, "Батыр ана" Талшын Бурбаева аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жергілікті дизайнерлер - Эльза Қалиева, Света Өтеғалиева, Жайдарлым Ғаббасова және Мөлдір Мұқанова, Альбина Саулен мен Бану Ғайдарлар ұсынған сән үлгілерінен топтамалар көрсетіліп, көптің көңілінен шықты.  

Құрметті ауылдастар, аналар, құлпырған арулар сіздерді көктемнің шуақты күнімен келіп жеткен төл мерекелеріңізбен «ЖайықМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасының атынан шын жүректен құттықтаймын! Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен деп халқымыз текке айтпаған. Себебі, әлем сіздермен әдемі. Қазақ қашан да қызды құрметтеп, төрден орын берген, сондықтан біз үшін арулардың орны әркез ерекше. Әр күндеріңіз осындай мейрамға, шаттық пен қуанышқа толы болсын! Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болып, құлпыра бергейсіздер! Бүгінгі шараның да негізгі мақсаты аруларға ерекше сый-құрмет көрсету деп білемін. Осы шараның ұйымдастыруына мұрындық болған аудан әкімі Полымбет Хасановқа алғысымыз шексіз,-деді «ЖайықМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Амангелді Тасқынбайұлы барша нәзікжандыларды мерекемен құттықтап.

Аудан өнерпаздарының орындауындағы ән мен би де бүгінгі аналардың төл мерекесіне арналды.  Құшақтары гүлге, көңілдері нұрға толған арулар мерекелік көңіл-күйге бөленіп тарқасты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521