Исатай ауданында Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық «Жеті жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастырумен журналист, жиһанкез, танымал блогер Динара Болатпен кездесу кеші өтті.
Аталмыш шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Абзал Байсалбаев ашып, нарын топырағына табан тіреген –кеш қонағына жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ, Динара Болат – жиһанкез, психолог, мотиватор. «Өмірге шексіз ғашық», «Соңына дейін әйел» кітаптарының авторы. Мансап пен отбасыны қатар дөңгелетіп жүрген жан.Оны сырға толы сөзінен, энергияға, жылулыққа толы жүзінен аңғаруға болатын сыңайлы.
Сонымен қатар жиі саяхаттап ел мен жерді көрудің ой өрістің кеңеюіне үлкен әсер ететіндігін айтып, қазақ әйелінің қоғамдағы орны туралы да сөз етті.
- Мен, өзім Батыс Қазақстан облысы, Аңқата ауылында туып-өстім. Бала кезімде география пәнінен сабақ беретін анамның картасы мен глобустарын қызыға қарап, ертең өскенде міндетті түрде саяхаттаймын деп алдыма мақсат қойдым. Күндердің-күнінде ауылдан қалаға көшетін болдық. Әйтеуір қайдан қаланың қарбаласы бітсін бе? Сөйтіп жүріп, 9 сыныптың үш ай демалысында базарда аяқ-киім сатып еңбекке араластым, әке-шешеме көмектесім. Ол кезде заманның тауқыметіне байланысты болу керек саяхат деген арман күте тұрды. Себебі, жоғары білім алдым, тұрмысқа шықтым, отбасылы болдым. Содан уақыт өте келе, бала кезімдегі арманымды орындап 29 жасымда алғаш Қытай еліне саяхат жасадым. Міне, сөйтіп жүріп, 7 жылдың ішінде 43-ге жуық елді араладым,-дейді ол.
Танымал блогер Динара Болаттың айтуынша, шетелдердегі жағажайдың жағасында құр демалып келгеннен ештеме өзгермейді. Себебі, саяхаттау арқылы сол елдің мәдениеттін, салт-дәстүрін танып, көріп келген дұрыс деп қаперге берді.
Шара барысында танымал блогер өмірге шексіз ғашық жан екендігін әңгіме ретінде өрбітті. Оның сөзінше мұң да, қайғы да әдемі деп, залға жиылған тыңдарманды таңғалдырды. Одан бөлек, саяхатты қалай жоспарлау керектігін,тіл білудің маңыздылығын, ғаламтор мен Googl қосымшасының пайдасын, жар таңдаудан және бала тәрбиесінен қателеспеу бағытында кеңірек ой талқылап, сөз қозғады. Әр елге саяхат жасаған жиһанкез - жас қыз-келіншектерді бір ғана шеңбермен шектелмей, барынша ел аралап, жер көруге насихат жасады. Қазақта «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дегендей аталы сөзді тілге тиек етті.
Осылайша тыңдарман жүрегінен жол таба білген қонағымызға сұрақтар легі де толастамады.Тіпті оқырмандары арнайылап әкелген кәде сыйлары мен қоса гүл шоқтарында ізгі ниетпен ұсынды.Кеш соңында мейманымыз құшақ жая қарсы аңғал, аппақ пейілді жандарға ризашылығын жеткізіп,соңында естелік суретке түсіп,көңілді тарқасты.
Сағыныш ҚАЙЫР