Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл жауапты қызметке өмірін спортқа арнаған, жас буынды шынықтырып, ел намысын абыроймен қорғаған талай балуандарды тәрбиелеген білікті маман Асхат Жұмабекұлы Жұмабеков келді.
Асхат Жұмабекұлы 1985 жылы киелі Исатай топырағында, Аққыстау ауылында дүниеге келді. Балалық шағынан спортқа деген қызығушылығын шыңдап өскен ол, туған жерінде еңбек жолын бастауды өзіне парыз санады. 2003 жылы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы болып еңбекке араласты. Осылайша қарапайым жаттықтырушыдан басталған жол оны кейін тәжірибелі тәлімгер, іскер ұйымдастырушы деңгейіне жеткізді.
2017 жылдан бері аудандық білім бөліміне қарасты “Барыс” балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры қызметін атқарған ол, бұл кезеңде ұйымның дамуына серпін беріп, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосты. Ұжымын ортақ мақсатқа жұмылдырып, көптеген жетістіктерге жетеледі.
Қазіргі таңда Асхат Жұмабекұлы Атырау облысы спорттық, жауынгерлік және жағажай самбо федерациясының вице-президенті қызметін де қоса атқарып жүр. Бұл оның өңір спортының өркендеуіне деген жанашырлығын айғақтайды.
Жаттықтырушы ретінде ол Азия мен Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғаған талай жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттерінің жеңісі – ең алдымен ұстаз еңбегінің жемісі, ұрпаққа берілген үлгі.
Асхат Жұмабекұлы – тек тәжірибелі жаттықтырушы ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, болашағы зор басшы. Жаңа қызметінде де аудан спортының дамуына серпін беріп, жас буынның биік шыңдарды бағындыруына ықпал ететініне сенім мол.
Алдағы уақытта аудандық спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайту, спорт түрлерін кеңейту, жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытында бастамалар қолға алынбақ. Жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту да – жаңа басшының басты назарындағы міндет.
Жайна МАНСҰР