Исатай аудандық қоғамдың кеңестің үшінші мәжілісі өтті

 Аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залындағы кезекті бұл басқосудың күн тәртібіне екі мәселе қойылды.

Оның алғашқысы «Ауданның мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және көрсетілетін мемлекеттік қызметті жүзеге асыру барысына жүргізілген қоғамдық мониторинг-бақылау мен зерделеудің қорытындылары, қызметтік әдеп нормаларының сақталуы мен  мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері туралы» болып, ол бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы А.Байсалбаев баяндама жасады. Ал екінші мәселе – «Ауданда мал азығын дайындау мен екпе шөп, көкөніс дақылдарын өсіруге, каналдарды күрделі жөндеуден өткізу мен оларды сумен қамтуға дайындық жұмыстарының барысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және көрсетілетін мемлекеттік қызметті жүзеге асыру шаралары туралы» аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Ермұхановтың баяндамасы тыңдалды.

Кеңес төрағасы Е.Насимуллин жүргізіп отырған мәжілістің күн тәртібіндегі мәселелерді тыңдап, талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдар да аз болмады. Мәселен, алғашқы мәселеге орай «Сыбайлас жемқорлыққа байланысты сыбайласу тәуекелдеріне ықтималдық  фактілер анықталып, талқыланды ма?», «Кей реттерде сыбайлас жемқорлыққа байланысты мемлекеттік қызметкерлердің жазықсыз кінәлану жағдайлары болды ма?», «Мекеменің бірінші басшысы үстінен қызметкерлері арыз беріп, басшының жұмыстан шығарылуын фактілермен дәлелдеген жағдайда қандай шешім қолданылады?», «Сізге мемлекеттік қызметкерлер үстінен арыздар болды ма?», сондай-ақ, «ХҚКО-нда қажетті құжаттардың көшірмесін шығаратын орын болса, себебі, адамдар бір бет қағаз үшін көшірме шығаратын орын іздеп сандалады. ХҚКО-да қызметкерлердің тұрғындармен жылы тілдесіп, сауатты жауап қайтарып, қызметтік этика мәдениетін ұстануына қадағалау шаралары алына ма?» деген сауалдарға, басқа да қозғау салынған жайттарға байланысты аудан әкімі аппараты басшысы жан-жақты жауаптар берді. Ал екінші мәселеге орай жолданған каналдарды қазудағы жұмыстардың сапалылығы, аудан бойынша қазылатын жер 16.5 км делінгенде, каналдардың қалған бөлігіндегі жағдай қалай болмағы жайлы, өзге де сауалдарға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы жауап қайтарды.

Мәжіліс барысында кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар да айтылды. Олар негізінен канал қазу жұмысына кірісіп жатқан тараптың бас-тап қазу жұмыстарының бағыт-бағдарын анықтап, бақылап көру үшін қоғамдық кеңес мүшелерінен арнайы комиссия құру, жұмыстарының барысымен танысқаннан кейін мердігердің техникалық қадағалаушысын (бақылаушысын) құрылыс жұмысының жобалық құжаттарымен және жобаның авторымен қоса шақырып, қоғамдық кеңес мәжілісінде тыңдау, сондай-ақ, кезінде көп малы болып, соған сай мемлекеттен арендаға шабындық, жайылым жер алған көптеген шаруагерлердің қазіргі кезде ешқандай малы қалмағандықтан алған жерлері бос жатқандығы, олардың Есіркеп, канал бойындағы жайылымдарға қарапайым халықтың малдарын өткізбей отырғандығы, осы жерлерді қайтарып алудың мүмкіндіктерін қарау керектігі жөнінде болды. Бұл бойынша оған қатысты қызметтік тұлғаларды құрамға енгізе отырып, қоғамдық кеңестің арнайы  комиссиясын құру да ұсыныс етілді.  

Шаруагерлерге субсидия беру барысында олардан сатып алған шөптерінің  есептерін (счеттарын, чектерін) сұратуына байланысты, олардың осы есептесу құжаттарын бір тәртіпке келтірудің шарасын алу, егіншілердің жерлерін жыртатын тракторлар мәселесін де түпкілікті шешіп берудің жағдайын қарастыру назарға берілді.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521