Исатай аудандық кітапхананың құрылғанына – 45 жыл

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылдың 18 қазандағы ҚР Үкіметінің №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесі болып бекітілуі рухани әлемнің дамуына үлес қосып жүрген кітапханашылардың елеулі еңбегінің лайықты бағасының бір өлшемі  болғандай. Мерекенің басты мақсаты –  аренада кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастыру. Биылғы жылы екінші рет тойланып отырған бұл мерекені біздің аудандық кітапхана да зор ықылас, жақсы көңіл күймен қарсы алды. Мереке қарсаңында кітапхана тарихын, ондағы керекті деректерді сүзгіден өткізуге тура келді. Оның үстіне менің қолымда жергілікті мұрағаттан алған мынадай бір құжат бар-ды. Сол құжаттың бірінші тармағында, тайға таңба басқандай етіп «1978 жылдың январь айынан бастап аудан орталығы Аққыстау поселкасынан аудандық кітапхана ашылсын» делінген. Міне, сол бұйрықтың негізінде қаланған аудандық кітапхананың құрылғанына биыл - 45 жыл. Осыдан кейін кеше мен бүгінді сабақтастыра отырып рухани азық ордасында қызмет қылатын әріптестер еңбегі жайлы толғандым.

«Ғасырдан жұмбақ ашқан талай кісі,

Сырың мол, мұраң ғажап арайлысың.

Сан ұрпақ сусындаған кітапхана

Сарқылмас парасаттың сарайысың...!» деп келетін көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгерееваның жыр жолдары 95 жылдық тарихы бар іргелі ауданның тарихында елеулі ізі бар кітапхананың шежірелі жолын шырайландыра түскендей.

Рухани ордаға айналған кітапхана тарихына сәл-пәл тоқтала кетсек. 1978 жылы Аққыстау селосында 480 дана кітап қорымен ашылып, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрамына Махамбет ауданынан 31 ауылдық кітапхана болып қабылданды. Жаңададан ашылған бұл орынға басшылық жасауға бүгінде марқұм болған Қаршыға Ғатауиева, Айжан Наурызалиева, Меңсұлу Кемелова сынды сол кезеңнің жігерлі де ізденімпаз жандары тағайындалып, зор еңбек етті. Алғашқы мамандар ілегі болып М.Марданова, М.Тажиденова, С.Молдабаева, Л.Мәдиева, Т.Алдиярова, М.Қойшиева, К.Сұлташева, М.Қабиева, Г.Қабуловалар еңбек етсе, кейіннен келген жас толқын З.Халидуллина, Л.Абдолова, Г.Ибрайымова, К.Булекбаева, К.Манашева, Г.Дәулетқалиевалар заман үрдісімен жұмыс жасауға жаңа леп әкелгендей еді. Осы кезеңде ауыл кітапханаларының арасында К.Макаримова, М.Меңдіғалиева, Г.Исмагулова, Ж.Қалмағанбетова, Р.Аманғалиевалар да өз жұмысымен қоса көшпелі кітапхана қызметтерін жандандырып, еңбектің көрігін қыздыра білді. Кейіннен жұмыс тәжірибесін шыңдай жүріп Г.Қабулова (1995-2014жж), К.Бөлекбаевалар (2015-2016жж) басшылық қызметке көтерілсе, жоғардағы аты аталған әріптесіміздің біразы да әртүрлі бөлімде абыроймен қызмет жасап, бүгінде бейнетінің зейнетін көрген зейнеткер атануда.

1990 жылдардан бастап еліміздің барлық салалары сияқты кітапханалар да қаржы тапшылығы зардабынан шет қалған жоқ. Нарықтың қыспағына түсіп қысқарған мәдени ошақтардың қатарында кітапханалар болса,ондағы жұмыс жасап жатқан бірнеше кәсіби мамандар да еріксіз осы саясаттың құрбанына айналды. Осы қиындықта  «оңтайландырылған» кітапханалардың кітап қорын сақтап қалуда сол кезеңде   кітапхана ұжымын басқарған Меңсұлу Кемелқызының еңбегі ерен болды.

Қысқарған кітапханалар қоры шашау шықпастан кітапханааралық абономент (МБА) бөліміне жинақталып, айналыс қорының есебіне енгізілді. Осы қордың қызметкерлері З.Халидуллина мен Р.Сәлекеновалардың жауапкершілікпен мойнына алып, жүргізіп отырған тиянақты есебінін нәтижесінде 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» аясында жабылып қалған кітапханаларымыз қайта ашылғанда жаңа кітапханаларға қор толықтыру аса қиыншылық әкелмеді.

Күні бүгін Исатай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 205568 дана кітап қоры бар. Оның ішінде мемлекеттік тілде -145254 дана. 4995 оқырманға әртүрлі саладағы әдебиеттер таратып отырған 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы,  16 ауылдық филиалы жұмыс жасауда.

Көптеген кітапханалар жаңа орындарға көшірілсе, біразы күрделі жөндеуден өткізілді. Бұрынғы басшымыз, бүгінде кеудесінде  «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісі жарқыраған ардагер Г.Қабулованың айтуы бойынша, аудандық кітапхана 2014 жылға дейін жұмыс ғимаратына негізделмеген, ескілеу 14 орынға көшіп қондырылған екен. 2015 жылы аудан халқы үшін бірнеше жылдан үлкен сұранысқа ие боп келген 400 орындық жаңа «Жалын» мәдениет үйі салынып, оның ішінде орталық кітапхана орналасуы оқырмандардың ыстық ықыласы мен шексіз алғысына бөледі. Бұл нысан облыс әкімі Б.С.Ізмұхамбетовтің тікелей қолдауымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің ерікті «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы негізінде демеушілік көмегі арқылы салынған. Осы күні аудан орталығында еңселі ғимаратта орналасқан кітапханада 1 басшы, 6 маман қызмет жасап, әр оқырманның  бо¬йына рухани күш, ойына серпін, қа¬білетіне таным беруге жұмыстануда. Тәуелсіздік жылдарында, яғни 1991 жылы аудандық орталық кітапханалар жүйесіне қарасты Қызыл үй, Кетешағыл, Забурын ауылдық кітапханалары, 1996 жылы Нарын ауылдық кітапханасы жаңа орынға көшірілді.

2015-2019 жылдары Новобогат, Тұщықұдық ауылдық кітапханалары күрделі жөндеуден өтті. 2017 жылы Жанбай ауылдық кітапханасы типтік үлгідегі орынға көшірілді. 2018 жылы Аққыстау ауылдық кітапханасына салалық бөлімдер ғимаратынан орын берілді. Құрылғалы аудандық кітапханамен іргелес келе жатқан балалар кітапханасы (меңгерушісі К.Манашева) 2021 жылдың 8 қыркүйегінде жаңа ғимаратқа көшіріліп, материалдық-техникалық базалары біраз жақсарды.

Әрине, уақыт-сынап өткен сайын қоғамда  да елеулі өзгерісердің болуы заңды құбылыс. Қоғамның ақпараттануына байланысты кітапхана қызметіне компьютерлік техникалар енгізілді. Жаңа заман үрдісіне сай жаңа технологияларды пайдалану, жаңа жұмыс түрлерін өткізу, оқырмандарға ыңғайлы жаңа орталар ашу, мамандардың білім дәрежесін көтеруде түрлі семинар-практикумдар өткізу сынды жұмыстар жоспарлы қолға алынды.

2006 жылы кітапхана «Республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе» (РАБИС) бағдарламасына қосылып, электрондық каталог жасақталды. Күні бүгінде бұл жұмыспен М.Сұлтанова мен З.Шеруенова айналысып, 6000-дай құжаттарды рәсімдеді.

Жергілікті қаламгерлердің өлке тарихы бағытындағы кітаптарын электронды базаға құюда 2019 жылы сандық форматқа көшу бағдарламасына орай кітапханамызға тігілген құжаттарға және А3 пішімді кітаптарды сканерлеу құрылғысы алынынған еді. Алайда техникалық ақаулар себепті жергілікті жерден бұл жұмысымыз сәл ақсап қалса да, облыстық кітапханамен келісім-шарт жасасып,  бүгінде сол қызмет жандандырылуда.

Үздіксіз білім беру мен өздігінен білім алу тәжірибесінің кеңеюіне орай кітапханашылар қызметінің белсенділігі де артуда. Осы орайда 2008 жылы Астанада өткен «Жас кітапханашылар» слетіне Исатай ауданы атынан жас кітапханашы Гүлжайнар Қалиева (бұрынғы қызметкер) делегат ретінде қатысып қайтса, ОКЖ әдіскері С.Көбеева 2018 жылы 13-14 қыркүйекте өткен «Кітапхана - қоғамның көпфункционалды, көпдеңгейлі әлеуметтік институты» атты бүкілқазақстандық кітапханашылар съезінің қонағы болды.

2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы мәдениет саласына көптеген тың серпілістер мен жаңалықтар әкелді. Айталық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқырманды кітап оқуға ынталандыратын бастамалардың бірі 2018 жылы «Коворкинг» орталығының құрылуы елең етер жаңалықтың бірі екенін де айта кетсек артық болмас. Көптеген адамдар коворкингтің негізгі тұжырымдамасымен таныс болғанымен, коворкингті қолданудың кең ауқымы өзгеге онша танымал емес. Коворкинг - тек жұмыс үстелдері мен жалпы Wi-Fi емес, ол жеке немесе топ бірлестігі және кеңістіктердің шексіз түрлерін қамтитын қызмет ордасы.

Сонымен қатар, осы жылдардың 18-19 сәуірінде «Кітапханадан ағарту орталықтарына: Жаңғырудың жаңа мүмкіндіктері» республикалық форумына ОКЖ директоры Ш.Махсутова, библиограф М.Төлеуішова, әдіскер С.Көбеева, кітапханашы М.Манашева қатынасып, сертификаттар иесі болды.

Ауданның жас кітапханашылары да  аудандық, облыстық шараларға қатысып, өз еңбектерін көрсетіп жүр. Соның бірі -2019 жылы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, жазушы-драматург Берқайыр Аманшиннің туғанына 95 жыл толуына орай «Лапылдаған жүректерден от тердім...» атты облыс кітапханашылары арасындағы көркемсөз оқушылар сайысына Ақкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Толқын Әйтімбетова қатысып, ақынның «Арзы аңызы» шығармасын оқып, жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2019 жылдың 25 қазан күні Мақат аудандық мәдениет үйінде облыстық Абай оқулары байқауынан Өркен ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мөлдір Манашева 4 кезең бойынша қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.

«Жас келсе - іске» демекші, соңғы кезеңдердегі жағымды жаңалық үстіміздегі жылы Атырау облысы «Жас Ұлан» біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған жобалар бойынша Аққыстау ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ұ.Өтегенқызы «Заманауи стильдегі кітапхана коворкингі» жобасының грантын ұтып алып, коворкинг орталығын жабдықтау ісімен айналысуда.

Сондай- ақ, 2023 жылғы 11-15 қыркүйек аралығында ҚР Ұлттық кітапханасының Каталогизатор мектебінде библиограф М.Нәубетқызы мен комлектатор З.Нұралықызы отандық бағдарлама Web-RABIS кітапханалық-ақпараттық жүйесінің 2 модулі бойынша тәжірибелік сабақтардан өтті. Халықаралық және ұлттық құжаттармен, библиографиялық жазба құру ережелерімен, каталогтаудың негізгі қағидалары бойынша электронды цифрлауды ұйымдастыру, анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету сынды кітапхана жұмысындағы бүгінгі таңда ең қажетті жұмыстарды жандандыруда маман біліктілігін артыру үшін жағдай жасаған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Р.Есқалиға, кітапхана басшысы Ш.Ескендірқызына ризашылық сезімізді білдіре кетсек артық етпес.

Кітапханалық шаралардың ішінде соңғы ағымдағы жаңа форматқа енгізілген кейбір жұмыстарға тоқтала кетсек. 2007 жылдан бері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Ұлттық Академиялық кітапхананың бастауымен басталған «Бір ел - бір кітап» акциясы, «KitapTime» фестивалін насихаттап үн қосуда біраз іс-шаралар жасалды. «Оқитын ұлт», «Уақыт пен оқиғалар», «Есімдері өлкемнің тарихында», «Туған жерге тағзым», Еңбек елдің мұрасы» жобалары бойынша «Кітап көрмесі», «Буккроснг», «ПоэзияParty», «РEADх», «Билиошар», «Қонақжай визит»,«Поэзиялық марафон»іс-шарлары қолға алынды. Әр жобаның өзіндік мақсат-міндеті бар. Айталық, «Есімдері өлкемнің тарихында» жобасының негізі - аты айтып тұрғандай, өлкеден шыққан атақты жандармен бетпе-бет жүздесу. Соның ішінде Г.Талпақова, Г.Сүндетова, І.Жақанов, Қ.Жүсіп, А.Үлкенбаева, Қ.Дүсіповалар кітапхана залының қонағы болып, тілек альбомына өз қолтаңбаларын қалдыруы мақтан тұтар жай.

Тағы бір ескерер нәрсе ауданымыздың түкпір-түкпіріндегі кітапханалардың қай-қайсысында да іс-шаралардың басы-қасында ат салысатын, сонымен қатар үздік оқырмандар қатарында жүрген тұщықұдықтық М.Бектенов, Г.Ермұханова, Б.Абдуллин, жанбайлық Қ.Серікқалиев, О.Нұрмұханов, Қ.Сәменов, Т.Қазбеков, исатайлық Ж.Бәбиқызы, А. Сатыбалдиева, томандық А.Үмбетов, Б.Жекшимов, амангелділік Ж.Бұзаубақов, Ж.Шәмшиденов, нарындық Т.Қарабалина, Н.Тұрғанбаева, аққыстаулық Е.Насимуллин, А.Базарбаева, А.Хайрошев, Ғ.Жәкешов, Ғ.Изтелеуова, Қ.Аманғалиев, М.Бешимова, қызылүйлік Т.Борашев, Г.Қибашева, І.Мүсілім, қамысқалалық Б.Қадирова, Н.Мұханбетқалиев, Ж.Өтепқали, Б.Рахметова, А.Болашақ және балалар кітапханасының жас оқырмандары - А.Берікболқызы, А.Ерланқызы сынды т.б оқырмандарға аудан кітапханасының атынан рахмет айтамыз.

Өткен 2019-2021 жыдардағы бүкіл әлемге төнген үлкен сынақта да «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, ұйымшылдық таныта білген ұжым «Біз біргеміз» акциясына белсене қатысып, бірі бетперде тіксе, бірі әлеуметтік желілер арқылы онлайн сұхбаттар, челенждер, инфографикалар ұйымдастыруда А.Қайрекенова, Н.Хамметова, М.Смадиярова, Р.Кенжиева, А.Ахатова, т.б әріптестер тыным таппады. Әйтсе де әріптестердің көңіліне қаяу болған мына бір жағдай - дәл осы кезеңде тамаша әріптестеріміз томандық С.Талқайызы мен өнер мен кітапхананы бірдей дәріптеп жүрген ақжарқын жан Н.Хаметқызының дүниеден өтуі еді.

Жалпы кітапханашылардың қашанда тамаша іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуімен қатар, суық сөрелердің арасында кешке дейін тыным таппайтын олардың қызметі, күнделікті мыңдаған авторлардың еңбегін ретімен орналастыру, оқырманға сұрағанын тауып беру, жылы қабақ таныту, керегіне кеңес беру, руханияттағы жылт еткен жаңалықты іліп әкетіп, алғаш сүйінші сұрайтын да осы мамандық иелері екендігін барша оқырманымыз ұғынса «кітапханашының жұмысы кітап тарату ғана» деп ойлайтындардың санасынан көлеңкелі ой аласталмақ. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, аудан өңірінің 18 кітапханасында жұмыс жасайтын қызметкерлер туралы әңгіме қозғасақ ұзаққа кетеріміз анық. Дегенмен, қызмет барысында бірі жаңашылдығымен, бірі іс-қағаздарды жүргізуде ұқыптылығымен, бірі онлайн қызметін жақсы меңгергенімен, бірі шараны ерекше жүргізушілік қабілетімен танылып жүрген З,Қайырова, З.Серікбаева, Н.Дүйсеғалиева, Э.Асқарқызы, Т.Дүйсекешова,  Н.СатқалиевА. Г.Ниғымашева сынды кітапханашыларымызбен қатар, кітапхана тазалығына өз үйіндей ұқыптылықпен қарап жүрген жәй қызметкерлер М.Олжабайқызы, Ж.Мұхитованың еңбектері, сондай-ақ, мамандарға әдістемелік қызмет көрсетіп отырған С.Көбейқызы мен жаңа әдебиеттермен қорды қамтып отырған Марал мен Зура әріптесімізді, кітапхана қызметінде компьютерлік техникалармен қамту, материалдық базаларды жақсарту, т.б жұмыстарға барынша еңбектеніп отырған жас басшымыз - Шынар Ескендірқызының да еңбегін атап өткен лазым.

Жылына 2-3 мәрте өтетін қызметкерлердің білім деңгейін көтеруде жақсы мотивация болатын- «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі кітап қорын толықтыру, есепке алу және есеп беру жұмыстары»  «Өлкетану және қазақ тіліндегі әдебиеттермен жүргізілетін жұмыстарды одан әрі жетілдіру», «Ауыл кітапханашыларының кәсіби деңгейі - 22», «Біздің өлкеміз - өнер мен әдебиетте», «Оқу мәдениеті: қазіргі деңгейі», «Ең үздік инновациялық жұмыс түрлері», т,б тақырыбындағы семинар-практикумның өз нәтижесін бергенін мына жағдайлардан аңғаруға болады. Кітапханашылардың жылдық еңбегін саралаған бөлім мамандарының ұйғарымы бойынша өткен жылы Қызыл үй ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Ниғымашева «Үздік кітапхана» кубогын иеленсе, үстіміздегі жылы Жанбай ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Қайрекенова осы кубоктың жеңімпазы болып танылды. Ал С.Сейітқазиева (марқұм, Томан а\к) - «ҚР Конституциясына 25 жыл» медалі, Р.Кенжеева (Нарын а\к), М.Смадиярова (Қамысқала а\к) «Кітапхана ісінің үздігі», балалар кітапханасының қызметкерлері К.Манашева мен Н.Жұмашева (өмірден озды) «Кітапхана ісінің ардагері», М.Тулеуишова, З.Хайырова, А.Қайрекенова, А.Ахатова, Г.Ниғмашева, З.Шеруенова, М.Сұлтанова, С.Көбеевалардың «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісінің иегері болуымен қатар, әдіскер С.Көбеева, басшы Ш.Махсутовалар Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасы және ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі (С.Иманқұлова) Алғыс хаты, Құрмет Граматаларымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің Алғыс хатымен марапатталуы жасалған еңбектің әділ бағалануы болса керек.

Сайып келгенде, кітап пен кітапханаға өмір сыйлайтын кітапханашылар – ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасындағы алтын көпір деуге болады. Ұрпақтан-ұрпаққа рухани азықты көздің қарашығындай сақтап, том-том болған кітапты киелі орын – кітапхана қорына жинап отырған кітапханашылардың еңбегі зор. Сондықтан да барша әріптестерімді тағы бір мәрте төл мерекелерімен құттықтай отырып, адамдар арасындағы руханияттың азбауына алтын көпір боп жүрген, қызығы мен қиындығы мол кітапханашылықтың көпшілік біле бермейтін, көзге елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы толық мағлұмат алуы үшін жан-тәнімен беріле қызмет жасайтын сіздердің еңбектеріңіз жана берсін демекпін.

 

Мауысым НӘУБЕТҚЫЗЫ,

аудандық орталық кітапханасының библиографы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521