Исатай аудандық қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті: Төраға болып Самат Есенов сайланды

 

Исатай аудандық әкімдігі ғимаратында қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімі Нұрым Мусин, баспасөз өкілдері және бұрынғы кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин қатысты.

Жиында кеңестің жаңа құрамы таныстырылып, төраға мен тұрақты комиссия мүшелері бекітілді. Қоғамдық кеңес төрағасы болып ауданның әлеуметтік және қоғамдық-саяси дамуына белсенді үлес қосып жүрген кәсіпкер Есенов Самат Байырханұлы сайланды. Оның төралқасында Нұрберген Утегенов, Құрманғали Мұхтаров, Самат Қабделов және Серікқали Әубәкіров бар.

 

 

Аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы қоғамдық кеңестің жаңа төрағасына және кеңес мүшелеріне сәттілік тілеп, кеңестің халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңестің жеке әлеуметтік желісін ашып, атқарылып жатқан жұмыстарды тұрғындарға ашық көрсетуді ұсынды.

 

 

Алғашқы отырыста кеңестің негізгі міндеттері, алдағы жұмыс жоспары және аудандағы өзекті мәселелер талқыланды. Кеңес мүшелері тұрғындардың мүддесін қорғау, жергілікті басқару органдарының ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізетіндерін жеткізді. Осы мақсатта бірнеше тұрақты комиссия құрылды.

Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияны аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, «Жайықмұнайгаз» құрылыс бөлімінің бастығы Еркебұлан Успанов және аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова құрады. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия құрамына зейнеткерлер Самат Қабделов, Құрманғали Мұхтаров және Салауат Меңдіғазиев, сондай-ақ аудандық аурухана директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары Назым Идрисова енді. Ал заңдылықты сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның құрамында «Теңізшевройл» бөлімше басшысы Серікқали Әубәкіров, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғали және «Нарын таңы» газетінің бас редакторы Жайна Мәлімқожа бар.

 

 

Жиын соңында кеңес мүшелері қоғаммен тығыз байланыс орнатып, аудан тұрғындарының пікірін ескеруге басымдық беретіндерін атап өтті. Қоғамдық кеңес алдағы уақытта маңызды мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуді мақсат етеді.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT