Исатай аудандық мәслихат аппаратының басшысы болып Нұрлыбеков Айбек Рысбекұлы тағайындалды. Бұл туралы аудандық мәслихат төрағасының 2025 жылғы 20 наурыздағы №3 өкімінде көрсетілген.
Жаңа басшыны қоғамдық кеңестің бірінші отырысында аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов таныстырып, құттықтау тілегін жеткізді. Ол мәслихат аппаратының билік пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды құрылым екенін атап өтіп, Айбек Нұрлыбековтың бұл жауапты міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Айбек Рысбекұлы – Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепті тәмамдап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика факультетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2014 жылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында Исатай ауданы әкімдігі аппаратында жастар тәжірибесінен өтуден бастаған. Кейін Қамысқала ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы қызметін атқарды. 2019 жылдан бастап Исатай аудандық мәслихат аппаратының бас маманы, ал 2021 жылдан бері ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.
Отбасылы, төрт баланың әкесі.
Сағыныш ҚАЙЫР