Исатай аудандық қоғамдық кеңесінің жоспарлы кезекті мәжілісі өтті.
Оның жұмысына аудан әкімі Марат Мурзиев, шақырумен аудан әкімінің орынбасарлары, мәселеге қатысты мекемелер басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, аудан әкімі аппараты мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.
Кезекті мәжілістің күн тәртібіне «Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың, 2019-2020 жылдардың мал қыстағын өткізудің жайы және көрсетілетін мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүзеге асырылуы туралы» сондай-ақ «Ұйымдастыру мәселесі – аудандық кеңес төрағасының арызы және жаңа төраға сайлау туралы» мәселелер ұсынылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені бірінші кезекте тыңдап, негізгі мәселеге содан соң көшуге деген ұсыныс қабыл алынып, мәжіліс төрағасы ол мәселе бойынша сөзді аудандық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы тобының төрағасы міндетін атқарушы Аманжол Рахметовке берді. Ол өз кезегінде аудандық кеңес төрағасы Мұрат Бектеновтің аудандық кеңес атына өзін төраға лауазымынан босатуды сұрап жазған арызымен таныстырды. Кеңес мүшелері арызды қанағаттандырды.
Аудан әкімі М.Мурзиев бұған дейін кеңес төрағасы қызметін абыроймен атқарғаны үшін Мұрат Бектенұлына ризашылығын білдіріп, өз атынан Тілек хатын табыстады.
Аудандық кеңес мүшелері ашық түрде дауыс беру тәртібімен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағалығына зейнеткер, мемлекеттік қызметтің ардагері Маштахов Жансих Ғатихұлын бірауыздан сайлады.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР