Исатай ауданы активі Жолдауды талқылады

Қ.Тоқаевтың осы жолғы Жолдауы еліміз үшін күрделі кезеңде жолдануымен де ерекше болды.

«Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз» деді Президент.

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы осынау Жолдауы қазір бүкіл отандастарымыздың басты назарында, олардың тарапынан бұл бағдарлы құжатқа деген өзіндік ой-пікірлер мен қолдаулар да айтылуда.

Бүгін Исатай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында бас қосқан аудан активі жиыны да осы мәселені талқылауға арналды. Онда алдымен сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев ел Президентінің Жолдауы қазақстандықтардан кең қолдау тауып отырғанына тоқталып, бұған біздің ауылдастарымыздың да белсенді қатысуда екендігін жеткізді, кезекті Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді аудан өмірінің әр саласында атқарылып жатқан, атқарылмақшы жұмыстармен сабақтастыра өрбітті.

Жиында сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы, депутат Аманжол Рахметов, аудандық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бейбітжан Айжарықов, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің мұғалімі Ғұбайдолла Ахметжанов, шаруа қожалығының жетекшісі Самат Есенов сөз алып, өз салалары бойынша Жолдаудан туындайтын міндеттер мен баса назар аударылған мәселелер төңірегіндегі ойларын ортаға салып, ауылдастарды олардың іс жүзіне асуына үлес қосуға үндеді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ауданда кәсіпкерлік, құрылыс салалары бойынша жасалынып жатқан жұмыстардың барысына байланысты тапсырмаларын берді, басқа да салалар бойынша нақтыланған тиісті тапсырмалар болатынын атап өтіп, жиналғандарды, солар арқылы барша ауылдастарды еліміздің өсіп-өркендеуі жолында Жолдауда көтерілген мәселелердің өмірде жүзеге асуына бір кісідей атсалысуға шақырды.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521