ИСАТАЙ АУДАНЫ БАСШЫСЫ АУЫЛДАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қарашаның 5-і күнгі аудан әкімдерін сайлау жөніндегі қанатқақты жобаға сай ауданымызда өткен сайлауда сайлаушыларының басым дауысын иеленіп, аудан әкімі болып сайланып, 9 қарашадан өз жұмысына кіріскен Нұрым Бекежанұлы Мусин, алдымен, аудан көлеміндегі ауылдық округтерде болып, ондағы тыныс-тіршілікке ден қоюды мақсат тұтқан.

Бұл оның ауылдың мәселелерімен жақынырақ танысуды құп көруі болса, екінші жағынын бұрынғы аудан әкімінің үш тоқсандағы халықпен кездесуінен кейінгі төртінші тоқсандағы жүздесу ретінде де жалғасын тапқан іс болатын. Айта кетуіміз керек, қарашаның 21-і күні облыс басшысының Зинеден және Исатай аулдары тұрғындарымен кездесуі болып, аудан басшысы да сол жүздесуде болғаны, онда көтерілген мәселелер газетімізде бұдан бұрын жарияға берілді.

Аудан әкімі ауылдық округтердегі кездесулерінде 5 қарашада еліміздің 42 ауданы мен 3 қаласында өткен аудан және қала әкімдерін сайлау жөніндегі қанатқақты жоба бойынша облысымыздың екі ауданында, яғни Қызылқоға ауданы мен ауданымызда аудан әкімдерін сайлауы өткеніне тоқталды. Сол сайлауда жалпы аудан тұрғындырының қолдауымен аудан әкімі болып сайланып, 9 қарашадан бастап жұмысына кіріскені жөнінде де жиналғандарды құлағдар қылды. Аудан басшысы қызметіне кіріскеннен кейін-ақ, алдымен барлық саланың тыныс-тіршілігіне үңіліп, әдейі аралап көріп, танысуды қолға алғанын, жергілікті азамат болғасын жерде әрі атқарушы билікте жасаған кездерінде, өкілетті органда жасаған тәжірибесінде де бұрынғы аудандық мәслихат депутаты ретінде халықтың ортасында жүріп, барлық мәселелеріне қаныққанын назарға берді. Аудан басшысы сайлауалды ауылдастарымен жүздесулерінде де қозғалған жайттардан, кейін облыс әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкеновтың ауданға келіп, Зинеден және Исатай ауылдары тұрғындарымен болған кездесулерінде де біраз мәселелер көтерілгенін тілге тиек етті.

Жанбай. Нұрым Бекежанұлы төртінші тоқсандағы тұрғындармен болған бұл кездесулерін қарашаның 30-ы күні Жанбай ауылдық округінен бастады. Кездесуде ауылдық округ әкімі Дидар Есмұханов ауыл тұрғындарымен болған үшінші тоқсандағы жүздесуде айтылған үш ұсыныс-пікір негізінде жасақталған іс-шаралар жоспарының орындалысын баян етті. Алдымен ауылдың шеткері көшелеріне жарық шамдарын орнату бойынша он дана жарық шамдары орнатылғанын айтқан ол болашақта бес жылдық даму бағдарламасына сәйкес бағаналарды ауыстыру, жарық шамдарын орнату қолға алынатынын жеткізді. Екінші ұсынысқа байланысты жол сызықтары сызылып, жол белгілерін орнату қолға алынған екен. Ал соңғы ұсынысқа орай жазғы су желілерін келесі жылы жүргізу көзделуде екені қаперге берілді.

Аудан әкімі өз тарапынан соңғы кездесуде демеушілікпен ауылға спорт алаңын салдыру жөніндегі ұсынысқа байланысты «ПотенциалОйл» ЖШС-не ұсыныс жіберілгенін, мәселенің бақылауда екенін баяндады. Бұдан бөлек қаржы көздері табылып жатса, бұл жұмысты атқару қосымша қаралатытынан да құлағдар қылды. Жас мамандарға  қызметтік тұрғын үй салу жөніндегі екінші ұсынысқа орай да округтің меншігіндегі қызметтік пәтерлерге жөндеу жүргізу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталынған. Былтыр жас мамандар үшін бір үйге жөндеу жүрген, келесі жылы тағы бір қызметтік пәтерді жөндеуге құжаттамалар жасақталатын болған. -Жалпы, округтерде қызметтік тұрғын үй мәселесі өткір тұрған мәселе десек болады. Облыс әкімі Зинеден ауылдық округінде болғанда да осы мәселені көтердік, жұмыстар жүріп жатыр,-деді аудан әкімі. Ардагер ұстаз Амангелді Қапарұлыны ауданның «Құрметі азаматы» атағын беру жөніндегі ұсыныс депутаттардың түгел қолдауымен жүзеге асқаны айтылды. Сондай-ақ, аудан басшысы әлеуметтік желілерде көтеріліп жатқан мәселе – каналға судың көптеп келуімен балды жарып кету орын алуын қалпына келтіруді аудандық ауылшаруашылығы бөлімімен бірлесе атқаруды ауыл әкіміне тапсырды. Кездесуде сөз алған тұрғындар саз мектебіне ғимарат салу, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, тазалық мәселелері, ауылішілік жолдарды күтіп ұстау жайы, бұралқы иттерді жою сияқты мәселелерді көтерді.    

Нарын. Жиында округ әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ғабит Қазыбек алдыңғы кездесудегі көтерілген, ауылдық әкімдік деңгейінде шешімін табатын ұсыныс-пікірлер бойынша іс-шаралар жоспарына енген ауылдың Ынтымақ көшесіне қосымша транформатор қою бойынша оның инфрақұрылым жүргізу барысында жүзеге асатын болғанын, Жаңа Жанбай елді мекенінен балалардың ойын алаңын салу жоспарға енгенін, автокөліктердің жүруіне кедергі келтіріп тұрған бағаналарды орнын ауыстырып қою жүзеге асқанын баяндады.

Үшінші тоқсандағы кездесуде аудандық деңгейде шешілетін екі мәселеге орай аудан басшысы ауылға келетін жас мамандарға тұрғын үй берудің жоспарда барлығын, ауылда интернет желісі жылдамдығының төмендігіне байланысты «Казақтелеком» мекемесіне ұсыныс беріліп, олардң жоспарына енгенін, сол бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын түсіндірді. Ауылда буландыру алаңын жасақтау да осы кездесуде ауыл әкіміне тапсырылды.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды қадағалау, қоқыс алаңының айналасын қоршау, кездесулерде сала басшыларының да есеп беруі, жастарды жұмыспен қамту, ауылда ауыр автоөліктердің жүрісін тәртіпке келтіру, мектеп, балабақша ғимараттарының жағдайы,өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жайы, басқа да мәселелер қозғалып, оның қайсыбыріне жауаптары берілді, кейбірі назарда ұсалатыны айтылды.

Қамысқала. Аудан басшысымен тұрғындар кездесуінде ауылдық округ әкімі Рафиғат Тажиденова алдыңғы кездесулердегі ұсыныстардың орындалысына тоқталып өтті. Ол бойынша ауылдың батыс бөлігіндегі аяқжолдардың сапасына байланысты мәселе мердігерлермен түзетілгені, тас жолдар салу, жастарды мамандыққа қайта даярлау бойынша жасалынған жұмыстар, жол сызықтары мен белгілерін орнату, бала тәрбиесі, қоқыс контейнерлерін қою, басқа да мәселелердің орындалысы баяндалды.

Аудан басшысы соңғы жиындағы ұсыныстардан ауылішілік көпір салу алдағы уақытта қарастырылатынын, Әбежанов көшесіне жол салу жөнінде жұмыстар жүріп жатқанын, амбулаторияға жаңа автокөлік бөлінгенін, саз мектебі ғимаратын салу күн тәртібінде тұрғанын, жалпы атқарылатын жұмыстар ауданның даму жоспарына байланысты жалғастырылатынын жеткізді.

Тұщықұдық. Мұнда да аудан әкімімен кездесудегі алғашқы сөзді алған округ әкімі Айбатыр Бекіш үшінші тоқсандағы ауылдық деңгейде атқарылатын ұсыныстарға орай мал моласын салу жөнінде жасалынып жатқан жұмыстарға, бұралқы иттерді аулауға байланысты, ойын алаңын салуға орай іс-шаралар жоспарының орындалысын баян етті.

Аудан басшысы өткен кездесудегі айтылған ұсыныстардың бірі – ауылдық амбулатория жұмысының сапасы жөнінде болғанын, оның ішінде интернет желісінің қалыпқа келгенін, Барлаушы көшесіне жол салу бойынша оның күн тәртібінде тұрғаны, саз мектебін салу жөнінде демеушілік қаржымен жобалау-сметалық құжаттары жасалып жатқанын, ол бітісімен облыстан тиісті қаражат сұралатынын түсіндірді.

Тұрғындар тарапынан салынып жатқан нысандардың сапасы, ауыл тазалығы, өзектен өтетін көпірлер жағдайы, ауылды жарықтандыру жұмысы, әлеуметтік қызметкердің тағайындалуы, басқа да айтылған жайттарға түсініктер берілді, назарда болатыны айтылды.

Аудан тізгінін жаңадан қолға алған Нұрым Бекежанұлы кездесулерінде алдағы уақытта ауыл тұрғындарымен, оның ішінде аға буын өкілдерімен, жастармен, қоғамдастық мүшелерімен мүмкіндігінше жиірек жүздесіп тұруға жұмыстанатынын уәде еткенін айта кетуді артық демедік.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521