Атырау облысында, оның ішінде Махамбет, Исатай аудандарында жерді заңсыз пайдалану қылмыстық дәрежеге жеткен.
Бұл жөнінде мәжіліс депутаты Бақтығожа Ізмұхамедов мәжіліс, сенат депутаттарының Исатай ауданы тұрғындарымен болған кездесуінде атап өтті. – Соңғы 3 жыл ішінде Исатай ауданы бойынша 18 мың 400 гектар жер мақсатты пайдаланылмаған. 206 жер заңдылығы талаптарының бұзылуы анықталған. Соның ішінде 174 жеке үй тұрғызуға, 16 кәсіпкерлік бағыттағы 3 ауыл шаруашылығына қатысты қылмыс тіркелген. Кезінде бір бөлек адамдардың заңсыз жерлерін мемлекет тарапына тартып алып, пайдаланғанбыз. Кейбір адамдар жерді «ауыл шаруашылығына пайдаланамын, егін егемін» деп алып, 8, 10 сотоктан сатқан да, - дейді мәжілісмен.
- Жер - ортақ, халықтың қазынасы. Сондықтан, жерді алған соң пайдалану керек. Осындай тәртіпті орнату үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен мақсатқа сай пайдаланылмаған жерлерге ескерту берілмек және олқылықтың орнын толтыру мерзімі 1 жыл уақытқа қысқартылды. Ал, бұрын 2 жыл берілетін. Осы уақыт ішінде жер мақсатқа пайдаланылмаса, мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ, жерге салынатын салықты 10 еседен 20 есеге дейін өсіру керек деген де ұсыныс айтылды. Иә, біздің Атырауымыздың жері көптеген жерлерге қарағанда қиындау. Соның өзінде де бұл жерде еңбек етемін деген кісіге мүмкіндік зор екендігіне көз жеткіздік, - дейді халық қалаулысы.
Айта кетейік, бүгін, яғни, 9 қаңтарда ҚР Парламент сенаты мен мәжіліс депутаттары Аққыстау ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Жиында жаңа қабылданған заңдар талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ