Исатай ауданы бойынша ҰБТ қалай өтеді? (СҰХБАТ)

Алдағы ҰБТ қалай өтеді? Осы және өзге де ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты сұрақтарымызға жауап алмақ болып Исатай аудандық №867 ҰБТӨП-ті жетекшісі Ж.Телешованы әңгімеге тартқан едік.

- Сәлеметсіз бе? Маусым айындағы ұлттық бірыңғай тестілеуге ауданымыздан қанша оқушы қатысады деп жоспарланып отыр? ҰБТ сұрақтарының құрылымын да айта кетсеңіз.

- Биылғы мектеп бітіруші оқушылардың жалпы саны 249 болса, оның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуге 216 оқушының (86,7 пайызы) өтініштері қашықтықтан ҰТО базасына тіркеліп, бекітілді. Маусым айындағы ҰБТ қазіргі жоспар бойынша маусымның аяғы мен шілде айының басында (20.06-05.07), дәстүрлі түрде (қағаз түрде) өтеді.

Сауалдарға келсек, ҰБТ-да мектеп бағдарламасында өтілмеген тақырыптардан сұрақтар келмейді.

- Наурыз айындағы өтуі тиіс ҰБТ уақыты қай айға шегерілді? ҰБТ барысындағы бақылау жұмыстарының қалай жүзеге асырылатындығына да тоқтала кетсеңіз. Бұрынғы ережеге қарағанда өзгешеліктер бар шығар?

- Наурыз айындағы ҰБТ мамыр айының соңы немесе маусым айының басында өткізіледі деп жоспарлануда. Нақты уақыты еліміздегі жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің келісімімен бекітіледі.

Ал, сынақ кезіндегі тәртіп мәселесі жіті қадағаланады. Барлық аудиторияларда бейнебақылау жүргізіледі, бейнежазба екі ай сақталады. Екі ай ішінде оқушының ҰБТ тапсыруын Ұлттық тестілеу орталығы тексере алады. Заң бұзушылық орын алған жағдайда нәтиже жойылады. ҰБТ тапсыру кезі онлайн трансляция арқылы көрсетіледі. Трансляцияны ата-аналар көре алады.

- Ұлттық бірыңғай тестілеу пунктіне кіргізу ережесінде өзгерістер бар ма?

- ҰБТ-ға кіргізу ережесі өзгерді, яки күшейе түсті. ҰБТ тапсыру пунктіне кірер алдында тыйым салынған заттар табылған жағдайда талапкер ҰБТ-ға кіргізілмейді.

ҰБТ кезінде заңбұзушылық байқалса, оқушы аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылады. Бірақ, ҰБТ-ға Менделеев периодтық кестесін алып кіруге болады.

ҰТО-ның арнайы бағдарламасы шығады деп күтілуде. Бағдарламадан талапкер жеке кабинетіне кіру арқылы өзі туралы мәліметтерді (тест тапсыру пунктін, аудиториясын, кіру қағазын (пропуск), тест нәтижесін) біле, көре алады. Аудиторияларда оқушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық сақталады, аудиториядағы талапкер саны қысқарады.

- Сөз соңында биылғы мектеп бітіруші түлектерге не айтар едіңіз?

ҰБТ осыған дейін алған біліміңнің нәтижесін анықтайтын сынақ, бірақ өмірдің ең шешуші сыны емес екенін есте сақтаңыздар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521