Аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Рахметов, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы, Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рухолла Такеновтен құралған топпен бірге Айбас құмындағы малшылармен кездесіп қайттық. Аудан әкімінің жоспарына сай ұйымдастырылған жұмыс сапары екі күнге созылды.
Шалғайдағы елді мекен тұрғындарының негізгі мәселесі құм өңіріне жол салу, жемшөп тасымалдау қиындығы, құдық суларының тартылып, ащып бара жатқандығы, байланыстың жоқтығы (ұялы телефон), медпункт керектігі, өңірде жабайы аңдардың көптігі және аңдардың төрт түлік басына жиі шабуыл жасайтындығын тілге тиек етті. Бұл аталған мәселелер бақылауда тұрғандығын түсіндірген аудан әкімі көп кешікпей бұл мәселелердің шешілетіндігіне сендірді. Шаруагерлер алдында аудан басшысы ең бастысы қаһарлы қысқа мал азығын уақытылы дайындап алу басты назарда ұстау қажеттігін де атады.
Бұдан кейін аудан әкімі Н.Мусин мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосып жүрген ауданның бір топ шаруагерлеріне марапаттар тапсырды. Мысалы, айбастық шаруагерлер Таңатар Сабиров "Ауыл еңбегі үшін' медалын кеудесіне тақса, Ж.Көшербайұлы, Ғ.Кеңесұлы, насихандық шаруагер С. Ибраймұлы аудан әкімінің алғыс хаттарымен ұлығыланды.
Аяпберген Салихов