ИСАТАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШЫРШАСЫ ӨТТІ

Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған «Жаңа жылдағы жаңа ертегі» атты қайырымдылық шыршасы Ж. Мырзағалиев атындағы  орта мектептің спорт залында өтті.

 Мерекелік шараға барлық  мектептен оқушылар қатысты. Әсерлі қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттар ұсынылатын шырша тойды аудандық білім бөліміне қарасты аталған мектептің қызметкерлері биыл да ерекше ұйымдастырды.

Көңілді кеште Аяз ата, Ақша қар мен Қыс ханшайымы сынды баршамызға таныс ертегілік кейіпкерлері мен сайқымазақтар жиналғандардың көңілін серпілтті. Шырша тойы әдемі  музыкалық композициямен жалғасып, думанға айналды. Сахна төрінде Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің өнерлі оқушылары әсем әндер айтып, көз тартар көрініске толы қойылымдар қойды. Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл -күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.

Үлкен экраннан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің барлық балаларын шадыман мерекемен құттықтаған сөзін қатысушылар ерекше-ықыласпен тыңдады. Балалар қуанышына аудан әкімі Нұрым Мусин де ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтай отырып, балаларға арнайы алып келген сыйлықтар мен тәттілерін үлестірді.

                                                                 

 

            Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521