Исатай ауданы әкімінің кеңесшісі тағайындалды

 

2025 жылғы 8 қыркүйектен бастап Исатай ауданы әкімінің кеңесшісі лауазымына Айбатыр Бекішұлы тағайындалды. Бұл тағайындау «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 19-бабының 2-тармағы, 27-бабының 7-тармағы және 30-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылды.

Айбатыр Бекішұлы 1975 жылғы 13 қыркүйекте Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге деген құштарлығы мен жауапкершілігімен ерекшеленген Айбатыр 2011 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын ол 1992 жылы Забурун савхозында қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Дәл осы тәжірибе оған адамдармен қарым-қатынас жасауды, жауапкершілікті сезінуді үйреткен. 2001–2007 жылдары А.Бекішұлы Х.Нәубетов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып, жас ұрпақты тарихқа баулу ісінде үлгі көрсетті.

2007–2009 жылдары Жанбай ауылдық клубының директоры қызметін атқарып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосты. Кейінгі жылдары оның кәсіби жолы білім саласына қайта оралады: 2009–2015 жылдары Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры, 2015–2017 жылдары Абай атындағы орта мектептің директоры болды. 2017–2019 жылдары Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде білім беру жүйесін жетілдіру мен жаңа жобаларды іске асыруға белсенді қатысып, ауданның білім саласындағы даму стратегиясына өз үлесін қосты.

 

 

Саяси және әкімшілік салаға бет бұрған Айбатыр 2019–2021 жылдары «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2021–2025 жылдары Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі болып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Бекішұлы Айбатырдың жаңа қызметке тағайындалуы – аудан әкімдігінде тәжірибе мен білімнің үйлесімін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Оның бай еңбек тәжірибесі, білім саласындағы кәсіби жолы және әкімшілік басқарудағы біліктілігі жаңа қызметінде Исатай ауданының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім береді.

Аудан тұрғындары мен әріптестері оны жауапкершілігі мол, шешім қабылдауда әділ және тәжірибелі маман ретінде жақсы таниды. Жаңа лауазымда Айбатыр ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тың бастамаларды жүзеге асырып, азаматтарға тиімді қызмет көрсетудің жаңа үлгілерін енгізуге бағыт алады.


Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT