Исатай ауданы Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен тойлады. Көктемнің шуақты мерекесі халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген ұлық мейрамға айналды. Орталық алаңға жиналған көпшілік ән мен жыр тыңдап, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерді тамашалап, наурыз көжеден дәм татты.
Мерекелік шараны ашқан сахналық қойылымда қар астынан бәйшешектің бүр жаруы, көктемнің алғашқы лебін жеткізген Көктем қыздың көрінісі көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Оркестрдің орындауындағы Түркештің «Көңіл ашар» күйі мереке шымылдығын түріп, халықты ән-жырдың әсем әуенімен тербеді.
Аудан әкімі Нұрым Мусин жиналған халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Наурыздың ел бірлігі мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.
– Наурыз мерекесі – ақтың молайып, пейілдің кеңейетін, жарықтың ұлғая түсетін кезеңі. Бұл күнді жыл басы ретінде атап өтетін жиырмадан астам мемлекет бар. Соның бірі – қазақ халқы. Еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтың жарасқан күнінде баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын!,-деп ізгі тілегін жеткізді.
Наурыз мейрамында көнеден жеткен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық дәстүрлер сахналанды. «Тәй-тәй» басқан сәбидің жолы ашық болсын деген ниетпен Тұсау кесу рәсімі жасалды. Қыз бен жігіт айтысы өткізіліп, жыр додасында ақындар астарлы әзіл мен терең мағынаға толы сөз сайысын өрбітті.
Қазақ халқының береке мен молшылықты тілеген ізгі дәстүрін жалғаған жұртшылық орталық алаңда тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татып, ақ тілек, ізгі баталарын арнады.
Аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы бастаған ұжым ауыл ақсақалдарымен бірге киіз үйлерді аралап, тұрғындарды мейраммен құттықтады.
Ауданның Құрметті азаматы Рахметқали Жұбанов бұл күннің ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
– Ұлыстың ұлы күні – халықтың шуақты мерекесі. Бүгінгі мерекеде адамдардың көңіл-күйі ерекше. Тыныштық, тоқшылық – басты байлығымыз. Баршаңызға амандық, жақсылық тілеймін,-дейді ақсақал.
Бұл алаңда еңбек ардагерлері де табылып, мейрамға куә болды. Соеың бірі КСРО Құрметті теміржолшысы Майра Жұмалиева Наурыздың биыл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуінің мәніне тоқталып, мерекенің ауылдағы ерекше сән-салтанатпен аталып өткенін айтты.
– Бұл күнді ауыл тұрғындары ерекше мейрамдауда. Он екі киіз үй тігіліп, Наурыз көжеден дәм таттық. Аудан басшылығына алғысымыз шексіз,-деді ол.
Мерекенің көркін ұлттық ойындар қыздыра түсті. Орталық алаңда және Тәуелсіздік, вокзал алаңдарында тігілген он екі киіз үйдің маңында жігіттер арқан тартты, білек сынасып, кір тасын көтерді. Ептілігі мен жылдамдығын сынаған бозбалалар асық атып, алтыбақан тебуге де кезекке тұрды.
Наурыз мейрамы аудан орталығымен шектелмейді. 22-наурыз күні ауданға қарасты жеті ауылдық округ те Наурыз мейрамын кең көлемде тойлады. Оған аудан әкімшілігінің өкілдері арнайы барып, ауыл жұртын мейраммен құттықттауға барды.
Наурыз – барша жұрттың ортақ мерекесі. Ағайынның арасын жақындатып, мейірім мен ырысты еселейтін Ұлыстың ұлы күні аудан жұртшылығына жаңа үміт, жарқын сенім сыйлады.
Қайсар мінезді, кең жүректі Исатай халқы әрбір Наурызды ынтымақпен, ағайын-туыспен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған.
Биылғы мереке де осы үрдістен жаңылмай, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй, берекелі дастарқан, ырысты күндер тілеп тарасты.
Ж.ИСЛАТ