ҚР Президенті әкімшілігі және аудандық мәслихаттың келісімімен Полымбет Максимұлы Хасанов Исатай ауданының әкімі болып тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активінде таныстырған облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов: «Полымбет Максимұлының басқарушылық қабілеті өте жоғары, өз ісінің білікті маманы ретінде жақсы білемін» деді және оның жаңа жұмысына табыстар тіледі. Сондай-ақ, осыған дейін ауданды 4 жылға жуық басқарып, өңіраралық ішкі ротациялауға сәйкес басқа жұмысқа ауысқалы жатқан Марат Мурзиевке де ризашылығын айтты.
Жиында сөз алған ауыл ардагері Қожантай Сдихов ауданның жан-жақты дамуына зор үлесін қосқан Марат Мурзиевке алғысын білдіріп, жаңа басшының алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Жылы лебізін білдірген Марат Мурзиев өңірге басшылық қылған кезінде өзін қолдаған облыс әкімі мен аудан халқына ризашылығын жеткізіп, осыған дейін атқарылған жұмыстардың одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.
Айта кетсек, Полымбет Максимұлы Хасанов 1980 жылы Индер ауданы, Индербор кентінде дүниеге келген.
Білімі - жоғары, Қазіргі заманғы гуманитарлық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған.
2002-2005 жылдары облыстық Ішкі істер департаменті жүйесінде жұмыс істеген. 2005-2006 жылдары Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде бас маман, 2006-2010 жылдары - облыс әкімі аппаратында бас маман, облыс әкімінің бас инспекторы.
2010-2014 жылдары - Мақат ауданы әкімдігінде аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарында болған.
2014 жылы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, 2014-2019 жылдары - Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейіннен Атырау қаласы әкімінің орынбасары.
2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.