Исатай ауданынан 14 «Алтын белгі», 6 «Үздік аттестат» иегері шықты

«BIRGEMIZ: ТҮЛЕК 2020» атты Еріктілер жылына арналған мектеп бітіру, аттестат тапсыру салтанаты өтті.

Бұл туралы хабарлаған аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Г.Ещанова салтанатты шарада 4 маусым - Рәміздер күнінің маңызына тоқталып, Мемлекеттік Гимннің авторы, қазақ жырының тұңғиығы, жыр бәйтерегі, көрнекті ақын Ж.Нәжімеденовтың туғанына 85 жыл толуына орай жас түлектер ақын өлеңдерін оқығанын айтады. Бітіру шаралары әр сыныпта бөлек, мектеп алаңында, ашық ауада өткізілген.

«Түлектер іс-шараға мектеп формасымен қатыстырылды. Барлық қатысушыларды бітіру шарасының өту тәртібі және қауіпсіздік талаптары қадағаланып, санитарлық және эпидемияға қарсы режим шарттарының, сондай-ақ жеке бас гигиена ережелерінің қатаң сақталуы қамтамасыз етілді. Медициналық маскалар талап етіліп, шараға қатысушылар арасында алдын ала таңбалау арқылы кем дегенде 1,5-2 метр қашықтық сақталды.

Түлектердің, мұғалімдердің және ата-аналардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мектеп бітіру шарасына қонақтар шақырылмады» делінген хабарламада.

- Іс-шараға екіден көп емес ата-аналар немесе заңды өкілдерді қатыстыру ұсынылды (бір уақытта 100 адамға дейін). Алтын белгі иегерлері мен үздік аттестат алушыларды құрметтеу мақсатында облыс және әудан әкімі атынан құттықтау хат пен сыйлықтар тапсырылды, - дейді Г.Ещанова.

Айта кетейік, аудан бойынша мектеп бітірген түлектер саны - 249. 14 «Алтын белгі» иегері бар. Атап айтсақ, Өркен, Х.Нәубетов атындағы орта мектептерден 3-еуден, Исатай, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептерден 2-еуден, Гагарин, Новобогат, Аққыстау және Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептерден бір-бірден «Алтын белгілі» түлектер шықты. Ал, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептен 3, Абай атындағы орта мектептен 2, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептен 1 түлек, аудан бойынша барлығы 6 оқушы «Үздік аттестатқа» қол жеткізді.

Естеріңізде болса, былтыр ауданымыздан 13 «Алтын белгі», 6 «Үздік аттестат» иегері шыққан болатын.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521