Аққыстау орталығындағы вокзал маңы алдында қаз-қатар тізілген 12 жаңа арнаулы техниканың кілтін салтанатты түрде табыстау шарасы өтті.
Аталмыш шарада Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин құттықтау сөз сөйлеп, Өркен және Ю.Гагарин атындағы орта мектептеріне автобус, сондай-ақ, Аққыстау және Тұщықұдық ауылдық округ әкімдеріне техникалық көліктердің кілтін табыстады.
- Құрметті ауылдастар! Бүгін ауданымызға қажетті техникалар келіп, соның ресми түрде кілтін табыстауды жөн көргенбіз. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде бөгет соғу жұмыстарына өте қажетті болған арнаулы техникаларға жолдаған сұранысымызға орай, облыс әкімі С.Шәпкеновтің қолдауымен жаңа көліктер беріліп отыр. Сонымен қатар, күні кеше барлық аудандарға автобустар берілді. Соның екеуі біздің мектептерге бөлінді. Оның біреуі көктемнен бері техниканың қажеттілігін мәселе қылып көтеріп жүрген Зинеден ауылына берілді. Ал, екіншісін Өркен орта мектебіне табысталғалы тұрмыз. Ал бір жүк тиегіш «Атырау-Жарық» мекемесіне берілетін болады. Жалпы, Аққыстау ауылдық округіне жүк тиегіш, Агп техникасы, шағын погручик, дизельді мотопомпо,ал Тұщықұдық ауылдық округіне трактор тіркемесі, қар күрейтін күрегі, сыпыртқысы, дизельді мотопомпоны, жылжымалы өрт сөндіру модулін беріп отырмыз. Көліктеріңіз құтты болсын, аудан халқының игілігіне ұзағынан қызмет етсін, - деген тілегін білдірді.Сондай-ақ, аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық экономика және қаржы бөліміне қызметтік көлік табысталды.
Іс-шара соңында сөз алған ауыл тұрғындары да ауданымызды жаңа техникалармен қамтамасыз етуге қолдау көрсеткен облыс, аудан басшыларына алғыстарын жаудырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріне мол табыс тіледі.
Сағыныш Қайыр