Биыл ерекше сәт – соңғы қоңырау мерекесі Исатай ауданындағы барлық мектепте 24 мамыр күні сенбіде өтті. Бұл – көпшілікке таңсық көрінуі мүмкін. Алайда биыл дәстүрлі 25 мамыр – жексенбі күніне сәйкес келуіне байланысты білім беру ұйымдары соңғы қоңырау салтанатын бір күн бұрын өткізуді ұйғарған. Уақыт пен күн өзгерсе де, соңғы қоңыраудың маңыздылығы, мәні мен мазмұны сол қалпында жүрекке жетер әсерімен, өмірлік бағыттарымен, сағыныш пен үмітке толы үнімен қалады.
34 аптаға созылатын оқу жылы аудандағы білім саласы үшін де маңызды белестерге толы болды. Ауданға қарасты 16 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 10 орта, 1 негізгі, 4 бастауыш мектеп пен 1 мектеп-гимназияда 293 сынып-комплекті бойынша 5216 оқушы білім алуда. Әрбір мектептің, әр мұғалім мен шәкірттің артында жыл бойғы тынымсыз еңбек, талап пен тәртіп, ізденіс пен жетістік жатыр.
Биылғы оқу жылы – мектеп бітіруші түлектер үшін де ерекше. 292 оқушы 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Оның 11-і – «Алтын белгіге», 16-сы – «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл білім мен тәрбие жолында төгілген тер мен төзімнің, қажыр мен қайраттың нақты нәтижесі. Ал 9-сыныпты тәмамдайтын 460 оқушының 29-ы негізгі орта білім туралы үздік аттестат алуға ниетті. Мұндай деректер аудан мектептерінің білім сапасын, шәкірттердің білімге деген ынта-жігерін дәлелдей түседі.
Биыл да ел мектептерінде соңғы оқу күні дәстүрлі түрде «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтпек. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Кенжегүл Хайрованың айтуынша, бұл шара – бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды.
– Сынып сағаты оқу жылының ресми қорытындысы ғана емес, балалық шақтың жарқын сәттерін бірге еске алып, алдағы үлкен өмірге қадам басар алдында оқушы мен мұғалім арасындағы сенімді, жылы қарым-қатынасты тереңдете түсетін мезет,-дейді сала маманы.
Ол сондай-ақ барлық оқушы үшін тең мүмкіндік пен қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында мектеп форматынан тыс өтетін сән-салтанатты жиындарға, автокөліктермен шеру жасау, артық ақша жинау сынды әрекеттерге жол берілмейтінін баса айтты.
– Білім саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті сақтау, артық даңғаза мен дабырадан аулақ болу үшін қажет шешім. Шынайы қуаныш – жүректе. Ал оқу жылының түйінін мектеп қабырғасында ұстаздарың мен сыныптастарыңның жанында қарсы алу – үлкен тәрбиелік мәнге ие,-дейді Кенжегүл Хамидоллақызы.
Тұщықұдық ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектеп тағы бір түлекті үлкен өмірге шығарып салды. Соңғы қоңырау салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қатысып, мектеп түлектеріне жүрекжарды тілегін арнады.
– Мектеп – әр адамның өміріндегі ең алғашқы, ең маңызды баспалдағы. Қадірлі ұстаздардан тәлім алған, білім мен тәрбиені қатар сіңірген жастардың жарқын болашағына сенім артамыз. Бүгінгі түлектер – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан қай жолды таңдасаңыздар да, сенім мен жауапкершілікті серік етіңіздер, – деді аудан басшысы.
Биыл мектептің 11-сыныбын 68 оқушы аяқтап отыр. Олардың 7-еуі – «Алтын белгіге», 5-еуі – Үздік аттестатқа үміткер. Ал 9-сыныпты тәмамдап отырған 67 оқушының 8-і негізгі орта білім туралы үздік аттестат алуға үміт білдіріп отыр.
Мектеп әкімшілігінің айтуынша, 2024–2025 оқу жылында білім ордасында 44 сынып жиынтығында 1–11 сыныптар бойынша 906 оқушы оқыған. Сонымен қатар мектепке дейінгі дайындық (МАД) және шағын орталық (ШО) топтарында 108 тәрбиеленуші білім алған. Жалпы 815 оқушының жылдық үлгерімі қорытындыланып, 128-і – үздік, 369-ы – екпінді ретінде танылған. Осылайша, мектептің жалпы білім сапасы 60,91 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен деңгейлес.
Салтанатты жиында түлектер мектепке, ұстаздарына алғыс білдіріп, жүрекжарды жырларын оқып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Ұстаздар да өз шәкірттеріне жылы лебіздерін арнап, сәт-сапар тіледі.
Ж.ЖАҒЫПАРОВА