Исатай ауданында 296 бас түйені қарақұрт шаққан

фото: интернеттен

Биыл Атырау облысы, Исатай ауданы бойынша 296 бас  түйе малын қарақұрт шағу жағдайы тіркелген,- деп хабарлайды "Нарын таңы".

Бұл туралы аудандық ветеринариялық стансы басшысы Рухолла Такенов тілшімен болған сұхбатында айтып өтті. 
Оларға дер кезінде ветеринариялық көмектер жасалынды, одан 30 бас түйе малы өлім-жетімге ұшырады. 7 басқа ем жүргізілуде, күні  бүгінге сауыққаны – 259 бас түйе.
Жалпы, энтомолог-ғалымдардың сөзінше, қарақұрт көктем мен жаздың басындағы құрғақшылықтың салдарынан пайда болады. Себебі, бұл орта олардың дамуы үшін өте тиімді. Олардың көбеюінің тағы бір жолы – оңтүстік өңірлерден жиі тасымалданатын жеміс-жидек, көкөністермен бірге «еріп» келуі.
Қазір бұл жағдайдың біраз тынышталған түрі бар. Бұл шаруа баққан адамдар арасында, сондай-ақ, ауыл тұрғындарымен жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесі деп есептейміз. Сөйтіп, қазір қарақұртпен улану жағдайлары мал арасында сиреді деуге келеді. 
Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Сақтық шараларын үнемі қатаң ескерген жөн. 
Әрине, біздің ветеринария саласы жануарларға шұғыл көмек көрсетуге дайын болуы керек. Қазіргі жұмыстың бәрі де осы бағытта ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, қарақұрттың уы жылан уынан 15 есе күшті. Оның уы түйе мен жылқыны да өлтіруге қауқарлы.
Мамандар қарақұрт шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауыратынын айтады. Аяқтарының жаны кетіп, құрысып, басы айналып, құсқысы келуі мүмкін, терісінде қызыл дақтар пайда болады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, қарақұрт шаққан ересек адам – 7 күннен кейін, ал балалар 5 күнде өліп кетуі ғажап емес.
"Қазіргі мезгіл, яғни жазғы уақыт қарақұрттар тым белсенді болатын мезгіл. Бірақ, олар өздігінен мал мен жанға шабуыл жасамайды. Сондықтан қарақұрт бар-ау деген далалы жерлерде абайлап жүрген жөн" деп ескертеді аудандық ветеринариялық стансы басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT