Исатай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан бойынша “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында сенбіліктер басталды, - деп хабарлайды «Нарын таңы».
Ерікті тұрғындар, жеке кәсіпкерлер, мекеме қызметкерлері мен “Жасыл ел” сарбаздары белсене қатысқан сенбілікте мекемелер аумағындағы саябақтар арамшөптерден, тұрмыстық қатты қалдықтар мен қоқыстар тазартылды. Акцияда жалпы алғанда 73 мекемеден 714 адам қатысып, 36 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
- Экологиялық акция басталғалы ауылымыз күл-қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, жеке тұрғын үй иелері тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастайтынын жиі байқаймыз. Ондай тұрғындарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатындығын ескертеміз,-дейді Тұщықұдық ауылдық округ әкімі Айбатыр Бекішұлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акцияның мақсаты – табиғатқа ұқыпты қарауға және экологиялық нормаларды сақтау. Сондай-ақ, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Акция жыл аяғына дейін жалғасады.