Исатай ауданында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Әбежан сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, бірқатар әлеуметтік қызметкерлерге арнайы алғыс хаттар табыстады.
- Әлеуметтік қызметкерлерге артылар жүк ауыр. Олар - өзінің емес, өзгенің игілігі үшін тер төгіп жүрген жандар. Қоғамның әлсіз өкілдеріне қолдан келгенше көмектерін, жүрек жылуын ұсынып отырған жандарға қандай алғыс білдірсе де артық емес. Бүгінгі шарамыз да осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген жандарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр, - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Әбежан.
Одан әрі құттықтау сөз кезегі аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиевке жолданды.
- Еліміздің қай саласын алып қарасақ та әлеуметтік салаға артылған жүктің салмағы ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты мақсаты» деп атап көрсетті. Сіздер осы жолда нәтижелі еңбек етіп келесіздер. Тәні ауырған жандардың жанын жабырқатпай, мейірім шапағатын төгіп жүрген сіздер алғыстың қандайына да лайықтысыздар, - деген ол ауданның бір топ әлеуметтік қызметкерлерін өзінің алғыс хатымен марапаттап, алдағы жұмыстарына толағай табыстар тіледі.
Әділбек СЫРЫМОВ