Аудан орталығы Аққыстау ауылындағы Qazaq eli саябағында көктемнің жаршысындай болған Көрісу күні айрықша сән-салтанатпен аталып өтті,- деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.
Қыстан аман шыққан жұртшылық “Жыл бастауы – Көрісу” атты мерекелік шарада жүздесіп, ақжарма тілектерін жаудырды.Саябақ төрінде киіз үй тігіліп, келген қонақтарға бауырсақ пен ақ дастарқаннан дәм ұсынылды. Ағайын-туыс, ауыл тұрғындары бір-бірімен құшақ жайып көрісіп, жаңа күннің шуағын бірге сезінді. Жастар үлкендерге сәлем беріп, ақсақалдар ақ батасын арнап, мерекенің қадір-қасиетін тереңінен ұғындырды.
️Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов жұртшылықты құттықтап, Көрісу күнінің татулық пен ізгіліктің белгісі екенін атап өтті.
Іс-шараның ажарын ұйымдастырушы аудандық “Жалын” мәдениет үйінің өнерпаздары ашты. Күй төгіліп, жырдан шашу шашылып, әуелеген ән мен мың бұралған би мерекенің шырайын келтірді. Көпшілік ұлттық дәстүрдің ұлықталғанына риза болып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Кең далаға көктемнің лебі ескен бұл мереке – халықтың бірлігін бекемдеп, өткенге шүкір, болашаққа үмітпен қарауға шақыратын ұлық дәстүр.