ИСАТАЙ АУДАНЫНДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА «QUIZ» ОЙЫНЫ ӨТТІ

Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі  «Жастар ресурстық орталығының» 10 жылдығына орай және 12 тамыз Жастар күні аясында ашық аспан астында «ISATAI QUIZ» ойыны өткізілді. Сайысқа аудан бойынша 11 команда қатысты.

Қатысушылар  бірінен-бірі өткен кіл жүйрік. Тартысты өткен доданың сұрақтары  қызықты әрі таңқалдырар күтпеген жауаптарға толы болды. Оңай сұрақтар, логикалық сұрақтар, тыңдалым, тақырып қою және тағы сол сияқты бөлімдерге жауап беру арқылы қатысушылар бақ сынады. Сайыс нәтижесінде үш команда топ жарып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда аудандық «Halyk bank»  басқармасынан құралған «Halyk team» командасы ІІІ орынға табан тіресе, аудан әкімі аппаратының  «Саммит» командасы ІІ орынды қанжығаға байлады, ал жүлделі І орынды «Аq qurdastar» құрамасы иеленіп, 11 команданы шаң қаптырып, жүзден жүйрік атанды. Жүлдегер командаларға тұрмыстық техникалар табысталды.

Бүгінде «білекті – бірді, білімді – мың­ды жығар» деген мақалдың әділдік құрған кезеңі. Біліммен ғана алпауыт күшке ие болуға болатыны сәт сайын дәлелденуде. Болашақ жастардың қолында десек, жастардың білімге бай болғаны абзал. Осы мақсатта елімізде түрлі ой өрісті дамытар ойын түрлері қарқынды түрде дамуда. Соңғы уақытта жастардың арасында «трендке» айналған «QUIZ» ойынын сіз де естіген боларсыз?! Бұл ойынның негізгі мақсаты-жастардың ой-өрісін дамыту, білімін жетілдіріп,бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу. Сонымен қатар бұл зияткерлік ойын адамның көкірек көзін ашып ғана қоймай, жаңа орта, жаңа дос таубуға көмектеседі. Жастардың арасында танымалдылығы сонша «QUIZ» ойынына қызығушы жастардың қатары көбеюде. Бір мезетте уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуге таптырмас ойын. Дегенмен бұл ойын түрін жастар толық түсінгенімен, мәнін аса біле бермейтін үлкендеріміз де жоқ емес.

Жалпы «Quiz» сөзі ағылшын тілінен аударған викторина, сауал­дама деген мағынаны білдіреді. Яғни, жүйріктік танытып, түрлі сауалдарға дөп жауап беру арқылы ұпай жинайды. Сұрақтар да қызықты әрі миды қозғайтындай қиын. Шет елдерде жақсы дамыған ойын түрі елімізде қазақ тілінде өтуі соңғы уақытта ғана қолға алына бастады. Бұл да бір тіліміздің дамуына ерекше ықпал берері сөзсіз. Біздің ауданымызда да жиі ұйымдастырылып, жастардың таным көкжиегін артуына септігін тигізуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521